«Әулиеата жастарына» құжат қабылдау 20-шы шілдеде басталады

0

«Үйі жоқтың күйі жоқ». Жамбылда 35 жасқа дейінгі жастар санатындағы 7140 тұрғын баспана кезегінде тұр, – деп хабарлайды Tarazy.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл ретте биыл өңірде «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылмақшы. Шілде айының 20-нан құжат қабылдауды бастайтын бұл бағдарлама негізінде осы жылы 35 жасқа дейінгі 50 отбасы баспаналы болады деп жоспарланып отыр.

«Жаңа бағдарламаны облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп жүзеге асырады. Баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен заем алуға 35 жасқа дейінгі жастар санатындағы мұғалім, дәрігер, мейірбике, спорт және мәдениет саласының маманы, журналистер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлерге мүмкіндік бар. Бағдарламаға қатысушылардың жұмыс өтілі 12 айдан кем болмауы қажет. Әлбетте, табысы да ескерілетін болады. Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс.

Бастапқы жарна – 5, сыйақы мөлшері – 5 пайыз. Несиені 19 жылға дейін төлеуге мүмкіндік бар»,- дейді банк қызметкері.

Сонымен, «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы 2022 жылдың 20 шілдесінде басталады.

Бағдарламаға тек Жамбыл облысының жастары ғана қатыса алады. Өтініш 2022 жылдың 20-30 шілде аралығында e-zhambyl.kz сайты арқылы қабылданады.

Өңіріміздің 371 елді мекенінде (оның 367-і ауыл)1 млн. 153 мың халық тұрады. Соңғы 10 жылда облыстағы халық саны 97,3 мыңға (1055,8 мыңнан 1153,1 мыңға дейін, 9,2%-ға)өскен. (Ауыл халқы 45 мың (645,4 мыңнан 690,4 мыңға, 7%-ға) адамға, қала тұрғындары 52,3 мыңға көбейген).

Осы орайда, тұрғын үй мәселесінің өзектілігі де арта түсері белгілі.  

–Бүгінге 36 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұрса,
164 мыңға жуық адам жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер кезегінде тұр (2021ж.-128,4 мың адам).

Көпқабатты тұрғын үй кезегі негізінен облыс орталығы Тараз қаласында қалыптасса, жеке тұрғын үй құрылысына кезектілік ауылды жерлерде өсуде.

«Баспана – бақыт шамы» дейді қазақ.

Баспанаға мұқтаж отбасылардың мәселесін шешуге көмектесу – мемлекеттің негізі міндеттерінің бірі.

Облыста қазір 4388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің
(24,4 млрд.теңгеге)құрылысы жүргізілуде, биыл оның 3120 пәтерін
(47 үй) пайдалануға береміз (жыл басынан 620 отбасына пәтер кілті тапсырылды).

Даму жоспары шеңберінде 2025 жылға дейін 401 мың м2 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда (оның ішінде Тараз қаласында – 223,2 мың м2).

Жалпы, Жамбыл облысында құрылыс саласына ағымдағы жылы 100млрд.теңге бюджеттік инвестиция бөлініп отыр.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.