Таласта ауылдықтардың игілігі үшін екі жаңа нысан пайдалануға берілді

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданына жұмыс сапарымен барды.

Аймақ басшысы алдымен Үшарал ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысты.

Амбулаторияға қарасты Арал, Қайыр ауылдық медпунктері жұмыс істейді десек, онда 2 дәрігер мен 10 мейірбике еңбек етеді. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын «НИК-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Стандартқа сай нысан газ, су, жарықпен қамтылған.

Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде Жамбыл облысында медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Облыстың даму жоспары бойынша 2025 жылға дейін өңірде дәл осындай 60 нысан салу көзделген. Кезең-кезеңімен іске асатын ол жобалардың биыл жиырмасы пайдалануға берілмек.

– Облыста 367 ауылдық елдімекен болса, қазір 23 ауылда медициналық нысанның құрылысы жүруде. Сондай-ақ 9 елдімекенде 600 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұдан өзге медициналық мекемелердің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға 2,5 миллиард теңге бөлінді.  Мемлекет тарапынан бұл бағытта көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес, соған сәйкес медициналық қызметтік сапасы да жоғары болуы тиіс,- деді Нұржан Нұржігітов.

Жаңа нысанның ашылғанына қуанған ауылдықтар енді орталыққа көп сабылмайтындықтарын айтып, ризашылық әсерлерімен бөлісті.

Сондай-ақ, дәл осы күні Ақкөл ауылында құрылысы аяқталған дене шынықтыру және сауықтыру кешені де пайдалануға берілді. Салтанатты шараға  қатысқан облыс әкімі саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, жаңа нысан спортпен шұғылданушылар үшін әрдайым қолжетімді болатынын атап өтті.

– Облыста биылдың өзінде 11 спорт кешені салынуда. Оның бірқатары пайдалануға берілсе, соның бірі – осы еңселі спорт нысаны. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауының арқасында іске асуда. Біздің мақсатымыз – балалардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыру. Сондай-ақ балаға кемел білім, тәрбие берумен қатар, дені сау ұлт қалыптастыру – басты міндет. Дені сау ұрпақ – болашақ кепілі.

Бүгінде облыста 250 мыңнан астам оқушы бар болса, оның 70 пайыздан астамы спорт нысандарымен, мәдениет ошағымен қамтылған. Осы межені 100 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз,- дейді Нұржан Нұржігітов.

Спорт кешенінің құрылысын 336,2 миллион теңгеге «Әл Мансұр» ЖШС жүргізген.

Заманауи үлгіде салынған спорт кешенінде енді жасөспірімдер шағын футбол, күрес, үстел теннисі, дзюдо және басқа да спорттың сан түрімен шұғылдана алады.

Аудандағы жұмыс сапарының барысында аймақ басшысы Үшарал ауылының шаруасы Бақытжан Байымбетовтің ауыл іргесіндегі егіс алқабымен танысты. Ауыл тұрғыны 10,5 гектар жерге 7,5 гектар картоп, 2 гектар қауын, 1 гектар қарбыз егіп, шаруасын шалқытып отыр.Егістіктің бір жарым гектарына тамшылатып суару технологиясын енгізген Бақытжан қыстық қауын егуге ден қоя бастаған.

Алқап басында аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов ауыл шаруашылығы бағытындағы көрсеткіштер мен жұмыстар туралы есеп берді.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.