Әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың балалары үшін Алматы облысында және Щучинск қаласында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық лагерьлер жұмысын бастады. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін Щучинск-Бурабай курорттық аймағына бір апталық жазғы демалысқа шалғай гарнизондардан 12-14 жас аралығындағы балалардың алғашқы тобы келіп жетті. Олардың арасында спорттың әр түрі бойынша республикалық жарыстарға қатысқан оқушылар бар.
«Жас сарбаз» әскери-патриоттық балалар лагерінің бірінші ауысымының ашылу салтанатына Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы Серік Борамбаев қатысты.
«Жас сарбаз» әскери-патриоттық лагерінде сендер демалып қана қоймай, жаңа достар тауып, болашақ Отан қорғаушыға қажетті білім мен біліктеріңді де шыңдай түсесіңдер. Сендер шымыр да мықты және туған жерін сүйетін азамат болып өсулерің керек», – деді генерал-майор Серік Борамбаев.
Балалар жылында Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті мамандары Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен Орталық спорт клубымен бірлесіп мәдени-демалыс және спорттық іс-шараларды, жорықтар мен экскурсияларды қамтитын бағдарламалар дайындады.
Жасөспірімдер жерге бағдарлау жүргізу мен орманда өмір сүру сабақтарын алады, импровизацияланған материалдардан шатыр орнатуды, лагерь жағдайында тамақ дайындауды үйренеді.
Алматы облысындағы әскери-патриоттық балалар лагерінде де оқушыларға екі апталық ауысымға арналған мазмұнды бағдарлама дайындалған. Онда Алматы қаласына экскурсиялар, хайуанаттар бағы мен дельфинарийге бару, концерттер, конкурстар қарастырылған. Бұдан бөлек, Орталық спорт клубының атақты олимпиадалық спортшыларымен кездесулер ұйымдастырылады.
Сондай-ақ Орталық спорт клубының Панфилов кентіндегі оқу-жаттығу орталығына бару жоспарланған. Онда білікті нұсқаушылар арқан паркінде шеберлік сабақтарын өткізіп, спорттық снарядтарда жаттығулар көрсетеді.
«Әскери медиа» жобасы аясында әскери салада жүрген сарбаздар, сержанттар және офицерлердің қызметтік борышынан бөлек, қарапайым өмірдегі қызығушылықтары, өмірлік ұстанымдары және елдің дамуына қосып жатқан үлесі жазылады.
Бұл іс-шара «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-тың қолдауымен «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастырып жатқан «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шараларды өткізу» жобасы аясындағы «Әскери медиа» шағын грант негізінде жүзеге асырылып отыр.