Жамбыл облысында жыл басынан бері 15,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 3,5 мыңы тұрақты жұмыс орындары. Бұл туралы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Басқосуда облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ағымдағы жылдың сегіз айында атқарған жұмыстары қаралды.
Аталған басқарма басшысы Еркін Келесов баяндама жасап, қалыптасқан көрсеткіштер мен өзекті мәсәлелерге тоқталды.
— Негізі халықты жұмыспен қамту мәселелері биылдан бастап Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба (ары қарай – Ұлттық жоба) аясында іске асырылуда. Биыл Ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 49 500 адам тарту жоспарланған болатын.
Жыл басынан жоспар 96,9 пайызға орындалып, 47 983 адам белсенді шараларға тартылды. Алайда, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспары Мойынқұмда бар болғаны 71,8 пайызға, Таласта — 79,8 пайызға, Сарысуда 82,2 пайызға ғана орындалды,-дейді Еркін Келесов.
Басқарма басшысының айтуынша, жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 40 337 адам болса, есепті кезеңге 31 249 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 77,5 пайызға орындалған.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы 101,6 пайызға орындалса, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы 51,7 пайызға, «Күміс жас» жобасы 75,1 пайызға орындалған.
— «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыту жұмыстары ағымдағы жылдың 25 шілдесінен басталды. Есепті кезеңге облыс бойынша онлайн оқыту курстарына 14 460 адам жолданып, 10 881 адам оқуларын аяқтады. Сонымен қатар, Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 2 630 адамға 400 АЕК мөлшерінде 3 345,4 миллион теңге мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды беру қарастырылды. Есепті кезеңге облыс бойынша 396 адамға 485,2 миллион теңге қайтарымсыз гранттар берілді.
Ал облыстағы 8 367 отбасындағы 43 807 адамға 2,5 миллиард теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Сол секілді, қаңтар-тамыз айларына кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12 195 бала қамтылған,-деп атап өтті басқарма басшысы.
Облыс әкімі көрсеткіші төмен аудандардың жауаптарын тыңдады.
— Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмектер нақ қажет ететін адамдарға жетуі тиіс. Бұл тұрғыда бақылау, үйлестіру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асқаны маңызды.
Әр отбасының әлеуметтік ахуалы назарда болуы керек. Отбасылық цифрлық карта бойынша жұмыстарға немқұрайлы қарамаңыздар,-деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімі ардагерлерге сауықтыру-демалыс орындарына жолдама беру, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін тұрақты түрде ұйымдастыру, әлеуметтік осал топқа кіретін отбасыларға газ бағасын 20 пайызға төмендету бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысын сұрады.
Жиын қорытындысымен жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.