Бүгін 33 жылдық тарихы бар «Jambyl» телеарнасы жаңа маусымын бастады. Осыған орай, телеарна ғимаратында жаңа маусымның презентациясы өтті. Ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, телеарна ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Маусымашарда телеарнаның жаңа 33 жаңалығы көрсетілді. Алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары аймақтық телеарнаның өңіріміз үшін алар орыны ерекше екендігін атап өтіп, «Jambyl» радиосының ардагері Амангелді Нұрпейісовті «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, шеф редактор Наймбек Бағбановты облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Ашылу салтанатына келген телеарна ардагерлері Қаржаубай Сыдықназар мен Асқарбек Сейілхан да облыстық арнаның бай тарихына тоқталса, ақын Ғайни Әлімбекқызы өз өлеңін оқыды.
Жалпы, «Jambyl» телеарнасының аймақтағы ақпарат айдынындағы алар орны ерек. Күнделікті өмірде өңірдегі сан-саладағы қым-қуыт тірлікті көрерменге жедел жеткізу үшін мұнда алпыстан астам маман тынымсыз еңбек етеді. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде жергілікті телеарна үздіксіз дамып, көрермендерді жаңашыл хабарларымен қуантып келеді. Биыл да солай, жаңа маусым – жаңашылдыққа толы. Тынымсыз тіршіліктегі түрлі жаңалықты қалт жібермей, әр салаға тіл бітіріп, бірінің сырын, бірінің мұңын толғатып, тарихты да сөйлету оңай емес. Көпшілікті көгілдір экран арқылы ақпаратпен сусындатып жүрген 4-ші билік төрелерінің еңбегі ерен.
33 жылдық белесті бағындырған қара шаңырақтың жаңа маусымдағы тартуы да аз емес: жаңғырған жоба! Әр таң сайын.. «Рауан сіздері шақырады, түрлі қызыққа батырады. Халық пен әкім.. билік пен бұқара. Түйткілдің төркіні,, мәселенің шешімі — «ӘКІМ 08» хабарында. Аймақтың тынысын, сан саланың қыруар жұмысын «8 аймақ» саралайды. Жамбыл арнасында тұңғыш рет! Әулиеата медиа холдингімен бірлескен «Қаламгер клубы» бағдарламасы, подкаст форматындағы «Әл қисса» жобасы көрерменге жол тартады.
Телеарна төрінде мұнан өзге «Жүректің сөзі», «Бақыт кілті», «Ел азаматы», «Патриот» сынды тың һәм сом жобалар телеарнаны түрлендіре түспек. Уақытпен санаспайтын, тірлігі тәулікке тәуелді емес телеарна талғампаз көрермендері үшін алдағы уақытта да өз жұмысын түрлендіре бермекші.