Тараздағы «қызыл» мәртебе берілген ЖЭО-ға жаңа абоненттерді қосу мүмкін емес. Бұл туралы Сенат депутаттарының өңірге жұмыс сапары барысында айтылды, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Парламент Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Абдалы Нұралиев Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Сенаторларға магистралды жылу құбырын тексеру кезінде инженерлік коммуникациялардың жай-күйі туралы ақпарат берілді.
Парламент Сенатының барлық депутаттары қазір проблемалық нысандармен танысуға, сондай-ақ тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелерді шешуге көмектесу үшін өңірлерді аралап жүр. Таразда апатты деп танылған негізгі нысандар – М-1 және М-3 жылу құбырлары. Оларды жөндеудің жалпы құны – 14-16 миллиард теңге. Бірақ, мәселе облыс орталығының тұрғындарын жылумен қамтуға қатысты екенін ескерсек, бұл жұмысты міндетті түрде жүргізу керек деп есептеймін, — деді Бекболат Орынбеков.
Арнайы комиссия жұмысының нәтижелері бойынша «ТаразЭнергоЦентр» АҚ-да жабдықтың 80%-дан астамы тозғаны тіркелген және осыған байланысты ЖЭО-ға «қызыл» мәртебе берілген. Облыста жылу қуатының тапшылығы мәселесі де күрделі болып отыр. ЖЭО мен құбырлардың қазіргі жағдайында оларға жаңа абоненттерді қосу мүмкін емес.
Бұл мәселелердің республикалық деңгейде қаралуы үшін қажетті барлық құжаттар өткен жылдың екінші тоқсанында дайындалуы керек болатын, яғни құжаттар істердің қазіргі жай-күйі қалыпты тәртіпте болғанда ғана 2024 жылдың басында мақұлданатын еді. Алайда, бүгінгі таңда облыс орталығын жылумен жабдықтауға басымдық беріліп отыр. Сондықтан, біз бұл мәселені шұғыл түрде шешуге көмектесуге тырысамыз, — деді сенатор Әбдәлі Нұралиев.