Таразда биыл мүгедектерге арналған монша ашылады

0

Таразда биыл мүгедектерге арналған монша ашылады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Орынбеков көне шаһарды дамытудың 3 жылдық даму картасын таныстыру кезінде айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімінің мәліметінше, өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылы 80,1 млрд теңгеге артады. Сонымен қатар осы жылы 47 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы басталады, жаңа 5 мектеп пайдалануға беріледі, 7 білім ұясына күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ көптің көкейінде жүрген балалар жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталады. Шаһарда саябақтар жаңғыртылады. Тұрғындардың демалыс уақытын тиімді пайдалану үшін «Мамыр» саябағының аумағында иппотерапия орталығы салынады. Тағы бір ерекше жаңалық – елімізде алғашқы рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған монша пайдалануға беріледі.

«Осы топтағы азаматтар үшін 2023-2024 жылдары 2 әлеуметтік бейімдеу орталығының құрылысы аяқталады. Келесі жылы салауатты өмір салтын насихаттауға арналған 4 шағын футбол алаңшасы салынады.

Алдағы үш жылда мәдениет саласында да кешенді дамыту жоспары бар. Соның бірі – Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді; Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығы салынады; «Көне қамал» кешенінің үшінші кезеңі іске асырылады; ал 2024 жылы «Құмшағал» тұрғын алқабында 180 орындық қалалық мәдениет үйі пайдалануға беріледі; Қолөнер орталығы ашылады», – деді қала басшысы.

Қала аумағының кеңеюі мен халық санының өсімі артып келеді. Шаһардың Асқаров, Хамукат, Қарасай, Көктем массивтеріне газ құбыры тартылады. Алдағы жылы 116 көшелер мен бұрылыстарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс орталығындағы Саңырақ батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтеді.

Сондай-ақ темір жол аймағындағы халықтың жылдар бойығы сұранысы – темір жол үстінен өтетін көлік жолы құрылысы басталады.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.