Жамбыл облысында апатқа ұшыраған жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі жансақтау бөлімінде жатыр. Ол басынан қатты зақым алған.
КТК телеарнасының хабарлауынша, жол апаты Тұрар Рысқұлов ауданында болған. Жедел жәрдем көлігі шақыртуға асығыс бара жатқан Ал жеңіл көлік оның алдын кесіп, қарсы бетке шығып кетуіне себеп болған. Көктайғақтан тоқтай алмаған медициналық техника кроссоверге соғылып аударылған.
Ішіндегі фельдшер қыз да жарақат алған. Дәрігерлердің сөзінше, оның жағдайы орташа. Ал 31 жастағы жүргізушінің хәлі мүшкіл. Басына қатты зақым келген ол жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір осы жол апатына қатысты іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
«Санитарлық автокөліктің ішінде екі адам болған. Жүргізуші және фельдшер. Бүгінгі таңда жүргізушінің жағдайы ауыр халде, бірақ есін жоғалтпаған. КТ қорытындысына сәйкес, бас сүйегі мен бет сүйегі сынғаны анықталды. Санитарлық авиация желісі арқылы нейрохирургпен консультация жүргізілді. Операция қажет етпейді. Фельдшердің жағдайы бүгінгі күнде орташа», — дейді Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Мейіржан Омаров.