Жамбыл облысында балаларды заңсыз діни ұйымдардың жұмысына тартумен айналысқан, мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды, — деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 24 қаңтарда сағат 20:00 шамасында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері Жамбыл облысының ҰҚКД-мен бірлесіп 35 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматын қолға түсірген.
«Ер адам 2018 жылдан бері Өзбекстан Республикасы ҚК-нің 216-бабы 1-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды заңсыз қоғамдық бірлестіктер мен діни ұйымдардың қызметіне қатысуға итермелеу) көзделген қылмысты жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған», — делінген хабарламада.
Ұсталған қылмыскер Тараз қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Өзбекстан Республикасының құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне берілетін болады.