Өзін Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «бас жауымын» деп атайтын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов парламент сайлауында өз жақтастарын «Ақ жол» партиясын қолдауға шақырды. Бұл туралы ол 1 желтоқсан күнгі тікелей эфир кезінде мәлімдеді.
Ол не себепті «Ақ жол» партиясын қолдауға шақырып жатқанын былай түсіндірді:
«Не үшін Ақжол? Себебі, оның аймақтарда бөлімшелері бар, адамдары, ғимараты бар. Біз ЖСДП-ны қолдауға шақырған кезде бөлімше жетекшілері жан-жаққа бытырай қашып, тығылып, тек Алматы мен астанадағы бөлімшелерін ғана таба алдық. Көп адам өтініштерімен жүріп, қайда өткізерін білмеді. «Біз нені көздеп отырмыз? «Нұр Отан» партиясының айтарлықтай көп дауысынан айырылып, көп адам басқа партияға дауыс берсе деп отырмыз. Соның нәтижесінде орталық сайлау комиссиясы, сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін мұғалімдер тұтас фальсификациямен айналыса бастайды. Ал біз оларды әшкерелеп, анықтап, сайлау нәтижесінің мойындалмауына қол жеткіземіз. Соның салдарынан жаппай наразылық туындайды. Көшеге көп адамды алып шығамыз» деді Әблязов.
Қазақстан соты «экстримистік ұйым» деп таныған, бірақ Еуропарламент «бейбіт ұйым» деп есептейтін «ҚДТ» (Қазақстанның демократиялық таңдауы) қозғалысының жетекшісі саналатын Мұхтар Әблязов бүған дейін жақтастарын сайлауда «ЖСДП»-ны (жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын) қолдауға шақырған еді. Бірақ ол ұйым парламент сайлауына бойкот жариялады.
Қазір Францияда тұрып жатқан Әблязов өз жақтастарын өзге партияға дауыс беруге шақыруын «Нұр Отаннан» басқа партияны қолдау арқылы 10 қаңтарда өтетін сайлауда жаппай заңсыздықты әшкерелейміз, сайлау нәтижесін жарамсыз етуге қол жеткіземіз» деп түсіндіріп жүр.
Азаттық Радиосының жазуынша, Әблязов мәлімдемесінен кейін «Ақ жол» партиясы адам қабылдауды екі айға тоқтатқан.
«Партия басшысы Азат Перуашев Азаттыққа жауап беруден бас тартты. «Ақ жол» мүшесі, мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов «ертеңгі күні Әблязов партия мүшелерін біз толтырдық» деп айтпас үшін, осындай жалған мәлімдемелерге жол бермес үшін партияға адам қабылдауды екі айға тоқтаттық» деп мәлімдеді» деп жазды Азаттық.
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарға белгіленген. Елдегі ресми тіркелген алты партияның бесеуі (ЖСДП-дан басқасы) сайлауға қатысатындарын мәлімдеп, депутаттық үміткер кандидаттарының тізімін ұсынып қойды.