Мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көріп жатқан елді мекеннің бірі — Қызыл жұлдыз ауылы. Тараз қаласымен іргелес жатқан округтің аумағы 364,0 гектарды құрайды. Түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан ауылдан өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдары Мәрзия Ибрагимова, Дариға Жантоқова, Мұхамедқали Нұрбаев, Сындыбала Оңғарбаева сынды 9 Еңбек Ерлері шыққан.
Халықтың мұнда көп қоныстануын қазіргі таңда елді мекеннің облыс орталығына жақындығымен байланыстыруға болады. Бүгінгі таңда округте 952 аулада, 6 390 адам тұрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жергілікті салық түсімдері, атап айтқанда, жер салығы 102,9 процентке, мүлік салығы — 106,0 процентке, ал жеке тұлғаның көлік салығы — 55,8 процентке, жеке табыс салығы — 99,1 процентке, коммуналдық меншік мүлкін жалға беруден түсетін кірістер — 14,4 процентке, заңды тұлғалардың көлік салығы — 24,0 процентке орындалды. Төрт түлік малдың басы мен үй құстары өсіп келеді.
Мұнда 1 орта мектеп, 5 балалар бақшасы, 1 мәдениет үйі және 1 ауылдық дәрігерлік амбулатория тұрғындарға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес те өркен жайған. 5 автокөлік жөндеу және 4 көлік жуу орталықтары, ұн өнімдерін шығаратын «Rola-7» ЖШС-і, 16 сауда нүктесі, 5 шаштараз, 2 дәріхана, 1 демалыс орталығы және 3 наубайхана бар. Ағымдағы жылы 1 көлік жуу орны және 1 шаштараз іске қосылды.
Іргелі өндіріс орны саналатын «Rola-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 17 түрлі сапалы ұн өнімдерін өндіреді. 2008 жылдан бастап аталған кәсіпорынның өнімдері экспортқа шығарылуда.
Қызылжұлдыздықтар «жерді — байлық» деп бағалап, алақандай жердің өзін тиімді пайдалануда. Мәселен, Миданалы Агалиев тамшылатып суару жүйесімен 3 сотық жеріне қияр, қызанақ, баялды, тәтті бұрыш егіп, мол өнімге қол жеткізді. Бауыржан Дүйсенбаев болса ауласына жылыжай орнатып, құлпынай өсіруде.
Жұмыссыздықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Округте 45 азамат уəкілетті органға жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 25-і “Жұмыспен қамту жол картасы” бойынша жұмысқа орналасса, қалған 20-сы ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасымен кәсіпкерлік әліппесін игерген 27 азаматтың 23-і қайтарымсыз, жалпы 12 млн. 650 мың теңге грантқа, 4 азамат 13 млн. 800 мың теңге несиеге қол жеткізіп, кәсіптен нәсібін табуда. Аталған бағдарлама аясында 1 азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы қысқа мерзімді оқудан өтіп, шаштаразшы болып жұмысқа орналасты.
Тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғау және қылмыстың алдын алу мақсатында жергілікті өзін-өзі басқару түсімдері есебінен түскен қаражаттан ауылдың орталық алаңына 1 дана бейне бақылау камерасы (687 мың теңге) орнатылып, учаскелік полиция қызметкерлері 1 дана компьютер жиынтығымен (246,0 мың теңге) қамтылды.
«Асарлатып үй салу» жобасымен зейнеткер Алма Шалкеева мен ұлы Асхат Тұралиевке баспана тұрғызылуда. Бұл игі бастама ауылдың арқа сүйер азаматтары, еріктілер және жастардың қолдауымен атқарылуда.
Бүгінде тұрғын үйдің шатырына қажетті жабдықтар алынуда. Үстіміздегі жылы 23 отбасындағы 139 адамға 6 564 006 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде шартты 19 отбасындағы 119 адамға — 5 669 472 теңге, шартсыз 4 отбасындағы 20 адамға — 894 534 теңге төленді.
Жергілікті бюджеттен «Елді мекендерді, көшелерді жарықтандыру» бойынша – 1 550 000 теңге, «Елді мекендерді көріктендіру мен абаттандыру» бойынша – 850 000 теңге бөлініп, бекітілген жоспарға сай жұмыс атқарылды. Елді мекенде 25 көше бар болса, оның 2 бұрылысына келер жылы ауыз су жүйесі тартылған соң, асфальт төселеді деп жоспарланып отыр. Басты көшелердің 8-і түнгі жарықпен қамтылған. Алдағы уақытта барлық көшелерді түнгі жарықпен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып, бюджеттік өтінім берілді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен бөлінген 4 млн. 207 мың теңгеге әкімшілік ғимаратына, Мырзақұлов және Нұрбаев көшелеріне 11 млн. 940 мың теңгеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылда 2013 жылдан бері аудандық бокс мектебінің филиалы жұмыс жасайды. Мұнда ұл-қыздарымыз баскетбол, волейбол, күрес, каратэ сынды спорт түрлерімен айналысып, дүбірлі жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ауылдық клубтың (бокс залы орналасқан) мердігер «Абибулла Құрылыс» ЖШС-і (құны 6 млн. 900 мың теңге) сыртқы, ішкі қабырғасына жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, шатыры толығымен жаңартылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауылдық округ бюджетінен үнемделген 2 млн. 270 мың теңгеге биылғы жылы ауыл әкімшілігі ғимаратының ауласына кеспе тас төселінді.
«Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз» деп Бейімбет Майлин айтқандай, келешегі кемел, болашағы жарқын ауылдың тұрғындарын жайылым мәселесі толғандырады. Түйінді мәселенің болашақта шешімі табылары анық.
Өсер Нұрбаев, Қызыл жұлдыз ауылдық округінің әкімі.