Биыл жыл соңына дейін еліміздің Елтаңбасының бейнесін мөрлерде және ресми құжаттарда яғни, жеке куәлік, туу туралы куәлік, паспорт және өзге де құжаттарда ауыстыру жұмыстары аяқталады. Бұл туралы бүгін ӨКҚ ақпарат алаңында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Әлия Ахметова айтты.
Еске салайық, еліміздің Тұңғыш Президенті «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлық шығарған болатын. Соған сәйкес техникалық реттеу және метрология комитетінің 20.09.2018 жылғы №272-ші бұйрығымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы» ұлттық стандарттың барлық мәтіні бойынша «ҚАЗАҚСТАН» деген жазуды латын графикасында жазу бөлігінде өзгеріс енгізілді.
«Аталған стандарт 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енгендіктен, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда Елтаңбаны кезең-кезеңмен ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін мөрлерде және ресми құжаттарда ауыстыру жұмыстары аяғына жетеді. Азаматтарымыздың жеке куәлігі, туу туралы куәлігі, паспорт және өзге де құжаттары өзгереді», — деді, Ә.Ахметова.
Департамент ден қойған жоспарлы жұмыстар мұнымен бітпейді. Жалпы стандарттау саласының міндеті — жалпы мемлекеттік саясатты іске асыру, техникалық реттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету, сәйкестікті бағалау, аккредиттеу салаларында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады. Сондықтан олар ортақ талаптар мен бекітілген стандарттарды, заңсыз берілген сертификаттар, декларацияларды жіті тексереді. Ал аккредиттеу субъектілерінің қызметтеріне мемлекеттік бақылау жүргізу жұмыстарына келер болсақ, былтыр департамент мамандары прокуратура қызметкерлерімен Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасын тексерген. Сондай-ақ, аккредиттеудің 3 субъектісіне қатысты жоспардан тыс бірлескен тексеру жүргізген болатын.
Кәсіпкерлер палатасын тексеру барысында ҚР Инвестициялар және даму министрінің «Тауардың шығарылған елін айқындау, тауардың шығу тегі туралы сертификат беру және оның күшін жою жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» бұйрығының талаптарын бұзушылықтар анықталыпты. Атап айтқанда, тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды беру мерзімдері өзгертілген. Алайда, әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 741-бабының 1-тармағының 5-тармақшасына сәйкес, — әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты, облыстық палатаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу басталған жоқ.