Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың төрағалымен алқа мәжілісі өтті.
Жиында мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы уақытта атқарылатын жобалардың мақсат-міндеттерін талқылады.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай баяндама жасады. Ол өз баяндамасында 2022 жылғы атқарылған жұмыстарға тоқталып, биыл мәдениет күндері аудан орталықтарында өтетінін атап өтті.
Жиын барысында облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев аймақтағы мәдениет үйлері мен клуб жұмысы бойынша, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдин өңірдегі кітапханалалардың даму қарқыны бойынша баяндама жасады.
Сондай-ақ алқа мәжілісінде дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов те баяндама жасады.
Оның айтуынша, 2022 жылы өңірде 18 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, оның 4-і қолданысқа берілген. Қалған 14 спорт кешені 2023-і жылға өтпелі.
Бұқаралық спортты дамыту, жоғарғы спорт жетістігіне жету және спорт резервін дайындау мақсатында өңірде 51 спорт мекемесі жұмыс істеуде.
2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 475,3 мың адамға жеткен.
Бұдан бөлек басқарма басшысы спортшылардың жетістіктеріне тоқталып өтті.
Жиын қорытындысы бойынша басқарма басшыларының, Тараз қаласы мен аудан әкімдері орынбасарларының, жауапты мамандардың ойлары мен ұсыныстары тыңдалды.