Ұлыбритания азаматтық соты 13 қарашада Қазақстандағы «БТА банк» ісі бойынша 5 миллиард доллардың активін бұғаттады. Бұл туралы 1 желтоқсанда америкалық Wall Street Journal (WSJ) басылымына сілтеме жасаған Азаттық Радиосы хабарлады.
WSJ мәліметінше, «БТА» банк Англия мен Уэльстің соттарында бизнес әрекеттер және дүние-мүлік бойынша жаңа адамдарды айыптап, соның негізінде Британияның азаматтық соты активтерді бұғаттау туралы шешім шығарған. Газеттің жазуынша, бұл айыптаулар қазақстандық олигарх Болат Өтемұратовқа қатысты. WSJ жүгінген сот құжаттарына сенсек, «БТА» басқалармен бірге бизнесменді де «банктен ұрланған ақшаны жасыруға көмектесті» деп айыптайды.
Басылымның жазуынша, бұғатталған активтер арасында шетелдік ірі банктердегі шоттарда жатқан ақша және Мәскеуде, Венада және Қазақстан астанасында орналасқан Ritz-Carlton қонақүйлеріне жартылай иелік ететін компаниялар, сонымен бірге Өтемұратовқа және оның ұлы Ануарға тиесілі Burger King фастфуд мейрамханалар желісінің қазақстандық франшизасы бар.
WSJ жазуына қарағанда, бұлар – осы сот бұғаттаған аса ірі көлемдегі активтер, олар әлемнің алты елінде орналасқан.
Англияда Болат Өтемұратовтың үстінен іс қозғалғанын алғашқылардың бірі болып «БТА банк» ісі бойынша айыпталып, 2009 жылдан бері шетелде қуғында жүрген қазақстандық банкир Мұхтар Әблязовтың Facebook-тегі парақшасында хабарлаған еді. 29 қарашада жазған постында ол: «… маған, Мұхтар Әблязовқа, активтерді жасыруға көмектесті деп Болат Өтемұратовқа айып тағылды» деп жазды. Өз парақшасындағы тікелей эфирде ол мұны «фантастикалық» айыптау деп атады.
Оның айтуынша, бұған Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің «қатысы бар». Оның мақсаты — «билік үшін күрестегі бұрынғы бақталасы мен қарсыласын физикалық және қаржылық тұрғыда тұқырту» деді Әблязов.
«БТА банктің» бұрынғы басшысы Өтемұратов «не үйқамақта отыр, не оның Қазақстаннан шығуына тыйым салынған» деді Мұхтар Әблязов.
Ертесі, 30 қарашада, Өтемұратовқа тиесілі «Верный капитал» компаниясы осы мәлімдеге қатысты пікір білдірді. Компания өкілі Өтемұратов «Нұр-Сұлтан қаласында, қоғамдық іске ден қойып, жұмыс істеп жатыр» деді, десе де оның басқа адамдармен бірге британ сотында жауапкер болып жатқанын мойындады.
«Бұл талап-арызды 2015 жылы «БТА банк» акционерлік қоғамы Мұхтар Әблязов пен Ильяс Храпуновқа қарсы берген. Кейіннен жауапкерлер тізімін кеңейтуге байланысты оның бизнес-құрылымына кірген адамдар, соның ішінде Болат Өтемұратов та 2020 жылдың қараша айында сол қатарға қосылды» делінген «Верный капиталдың» жауабында.
«Forbes – Қазақстан» журналының мәліметі бойынша, Болат Өтемұратов елдің ең бай адамдарының қатарында төртінші орын алады. Журналдың жазуынша, ол активтерінің көлемі бойынша Қазақстанда үштікке кіретін ForteBank-ті бақылайды (мамыр айындағы дерек). 2019 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, банк активтерінің ауқымы 2,07 миллиард теңде болған. Сонымен қатар оның тау-кен, мұнай-газ және телекоммуникация салаларында активтері бар.
2006-2008 жылдары ол сол кезде Қазақстан президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың іс басқарушысы қызметін атқарған, кейін оның штаттан тыс кеңесшісі міндетін атқарған.