Игембаев Ерқанат Ержанұлы — лейтенант. 2001 жылы 6 шілдеде Қарағанды облысы Қаражал қаласына қарасты Жәйрем кентінде дүниеге келген. 9-сыныптан соң Талғат Бигелдинов атындағы Қарағандыдағы әскери мектеп-интернатына оқуға түсіп екі жыл білім алған.
2018 жылы ҰБТ тапсырып, Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында 4 жыл бойы білімін шыңдаған. Қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонының 21451 әскери бөлімінде екінші взвод командирі.
Әскери институттар арасында ғылыми жоба жарысына қатысып, бірінші орын алған. Домбыраның құлағында ойнайды, түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Дзюдо күресінен спорт шеберіне үміткер дәрежесі бар.
Оңтүстік өңірлік қолбасшылығында (Шымкенттен Жаркентке дейін) 100-ге жуық лейтенанттар 10 күндік сайыста (танк жүргізу, автоматтан оқ ату, тактикалық сұрақтар және дене дайындығы) бақ сынасқан. Осы байқауда Ерқанат жеңімпаз атанды.
2022 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы бұйрығымен лейтенант шенін алған.
«Әскери медиа» жобасы аясында әскери салада жүрген сарбаздар, сержанттар және офицерлердің қызметтік борышынан бөлек, қарапайым өмірдегі қызығушылықтары, өмірлік ұстанымдары және елдің дамуына қосып жатқан үлесі жазылады.
Бұл іс-шара «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-тың қолдауымен «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастырып жатқан «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шараларды өткізу» жобасы аясындағы «Әскери медиа» шағын грант негізінде жүзеге асырылып отыр.