Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Аркадий Ни «Нұр-Отан» партиясынан шығарылды. Бұл ақпартты «Нұр-Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы хабарлады. Кеше бірнеше БАҚ Нидің қылмыс жасап ұсталғанын хабарлаған.
«Мәслихат депутаты Аркадий Ни заңға қайшы әрекет жасады деген күдікпен ұсталған соң партиялық бақылау комиссиясы оны партия билетінен айыру мәселесін қарауды ұсынды. Облыстық саяси кеңес бюросының қаулысымен Аркадий Ни партия қатарынан шығарылды» делінген партия филиалының хабарламасында.
Нидің нақты қандай қылмыс жасағаны әлі белгісі. Ақтөбе облысының полиция департаменті Tengrinews.kz сайтына Аркадий Нидің қандай қылмысқа қатысты күдікке ілінгенін былай түсіндірген:
«Жеке тұлғаға қарсы қылмыс жасағаны үшін Ақтөбе тұрғынына қатысты (ред. департамент депутаттың аты-жөнін атамаған) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта күдікті Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына (ұстап алу негіздері) сай, Ақтөбедегі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) сәйкес, өзге ақпаратты жариялай алмаймыз» делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Дегенмен департамент түсініктемесінде Нидің нақты қандай бап бойынша күдікке ілінгенін айтылмаған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде және бірқатар БАҚ-та Ақтөбеде белгілі бизнесмен 16 жасқа толмаған азаматпен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер жасады деген күдікпен ұсталғаны, оның Аркадий Ни екені хабарланған.
Мәселен, Ratel.kz сайты «кәсіпкер қызбен бірнеше рет қатынаста болды деп күдікке ілінді. Қыз әлі пәк болған кезде алғашқы жыныстық акт үшін бизнесмен 1 миллион теңге төлеген деген болжам бар. Кейіннен депутат әр жыныстық қатынас үшін 50 мың теңгеден төлеген болуы мүкін» деп жазды.