Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Сәбенұлы Мағзымбековпен «Кәсіподақ күші-бірлікте!» атты онлайн сұхбат өткізді.
Онлайн сұхбат барысында Ерұлан Сәбенұлы кәсіподақтың негізгі қызметі, мақсаты мен міндеттеріне жан-жақты тоқталды. Облыста 65 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері бар екенін, жылына 8 мыңнан астам шағым-арыздар келіп түсетінін айтты.
Сын сағатта кәсіподақ екі жақтың да мәселесіне баса назар аударып, екі жақты пікірді тыңдайтындарын, кәсіподақ төрағасы болу – көшбасшылықпен қатар мықты заңгер және мәмілегер екенін жеткізді.
Ұжымдық және еңбек шарттарын талдап, жылына өтетін семинар, тренингтердің маңыздылығын атап, «Кәсіподақ үйірмесінің» жұмысын түсіндіріп, шалғай аудандарға кәсіподақтан шығатын «Еңбекші» газеті арқылы жаңалықтардың жеткізілетініне тоқталды.
Пандемия кезінде атқарған жұмыстар, қайырымдылық шараларға тоқталып, медицина мен мәдениет қызметкерлерінің айлықтары көтерілген тұста, мектептегі кітапханашылар мен мейірбикелердің айлықтары көбеймей, кәсіподақ көмекке келіп 30 пайызға көтерілгенін, соның өзінде 2-3 аудан бұл жұмыстан тысқары қалғанын жеткізді. Бұл жеңіс – республика көлемінде тек Жамбыл облысы кәсіподағының жеткен жетістігі екенін де атап өту қажет.
Ерұлан Сәбенұлы қоғамдық жұмыстардан тыс қалмай, бірнеше ұйымдардың жұмысына атсалысып азаматтық ұстанымдарын білдіріп жүрген азамат. Сұхбатта осы жайлы да кеңінен айтылып, балаларды тәрбиелеуде кітаптың алатын орны, оқудың маңыздылығы, парасаттылық пен адамгершілік ұстанымдары жайлы ойларын жеткізді.
Праймериз сайлауына қатысып, үлкен додадан көп тәжірибе жинақтағанын, сайлауалды бағдарламаны да азаматтық ұстанымына сәйкес даярлағанын айтты.
Оқырмандардан келген сауалдарға жауап беріп, соңғы оқыған кітаптары жайлы айтып, көкейінде кәсіподаққа деген сұрағы бар азаматқа кәсіподақтың есігі айқара ашық екенін жеткізді.