Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты»Қайрат Нұртас, Бейбіт Қорған сынды әншілерге есірткі затын апарып беруге көмектестім» деген журанлист Гаухар Мұсаға қатысты шешім шығарды. Судья Қажымұқан Мекемтас оны айыпты деп танып, 3 жыл 6 айға соттады.
Сот шешіміне сай, Мұса жазасын орташа қорғалған түрмеде өтейтін болды.
Ол осыған дейін есірткі тасымалдады деп айыпталған еді. Алайда сот оған «есірткі табуға көмектесті» деген айыппен шешім шығарған. Прокурор оны 12 жылға соттауды сұраған.
Бұған дейінгі сотта Гаухар Мұса өзінің бірнеше эстрада әншісіне есірткі алуға көмектескенін айтқан еді.
Осыған байланысты судья істі тергеу кезінде Нұр-Сұлтан қалалық полициясы дұрыс тергеу жүргізбегенін атап өтті. Олар Мұсаның сөздері бойынша өзге тұлғаларға қатысты толық тексеру жүргізбегенін ескертті.
«Сот Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы Мұса Гаухарға қатысты тергеу кезінде қылмыстық-процесуалдық заң өрескел бұзылғанына мән беруі керек. Қаулының екі түрі де Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры мен Мәдениет және спорт министрлігіне жіберілуі керек» деді судья Мекемтас.
Сонымен қатар, судья сот іс материалдарында кім екені белгісіз адамдардың аудио жазбалары сақталғанын айтып, оларға қатысты полицияның тексеру жүргізбегенін ескеріп, қаулы шығарды.
Өз шешімін түсіндіру кезінде судья Мұсаның бұрын сотталмағанын, жасын және басқа да факторларды ескере отырып, оған ең аз жаза мерзімі қарастырылғанын атап өтті.
«Мен екінші курс оқып жүргенде журналист болып жұмысқа тұрдым. 2020 жылдың басында шоу-бизнес саласындағы танымал адамдармен таныстым. Дәлірек айтсам, олар — Қайрат Нұртас, Argonya (Арғын Аусаров), Амантай Әбенов, Бейбіт Қорған, Дастан Оразбеков, Қыдырәлі Болман. Олар маған «тай» дәрісін қабылдап көруді ұсынды. Үлкен қалаға жаңа келген маған мұндай адамдармен таныс болу ғажап болып көрінді. Олар өздерінің уақыты жоқ екенін айтып, менен дәрі әкелуді сұрайтын. Мен оларға көмектесіп, достарыма адалдығымды көрсетем деп ойладым. Алайда түбінде Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторынан бірақ шықтым», — деген еді Гаухар осыған дейінгі сот отырысында.
Әнші Қайрат Нұртас пен Argonya-ның өкілдері олардың Гаухар Мұсаны танымайтындарын айтқан.