Ауданымызда кәсіпкерлік саласы жыл санап өркен жайып келеді. Бүгінде аудандағы кәсіпкерлер түрлі бағыттарды дамытып, өнімдері халық арасында ерекше сұранысқа ие болып отыр.
Мәселен, Бурыл ауылдық округінде сан түрлі саланы кәсіп етіп табыс тауып жүргендердің арасынан ұлттық дәстүр мен салт-сананы ұрпақ жадында қайта жаңғыртып жүрген тігінші Айнұр Қаржаубайқызының бағыты ерекше. Тігіншілік саласын дамытып, осы арқылы табыс тауып, одан қалса туған ауылындағы қыз-келіншектерге тігіншіліктің қыр-сырын үйретуді ниет еткен жанның ісін көпке үлгі етуге болады.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап Айнұр Қаржаубайқызы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы өзінің «Келіндер академиясында» қыз-келіншектерге тегін тігін курсын ұйымдастырған болатын.
«Тігіншілік курсы екі буынға арналып 2 ай бойы жүргізіледі. Алғашқы буында мектеп жасындағы 5 қыз тігін тігудің технологиясын меңгереді. Ал екінші буында 5 келіншекке бағыт беріледі. Курсқа тек Бурыл ауылынан ғана емес, көрші ауылдардан да келіп қатысатындар бар. Біз тігін курсын ең алдымен көпбалалы аналарға үйретуге басымдық береміз. Осы салада 9 жылдық тәжірибем бар. Сол себептен де курс тыңдаушыларына үйретерім көп деп айта аламын», — дейді А.Қаржаубайқызы.
Ауыл әйелдерін тігіншілікке баулып жүрген ісмер алдағы уақытта ісінің ауқымын кеңейту жоспарда бар екенін айтты.
«Алдағы уақытта курсқа тігіншілікпен айналысуға ниетті ауданымыздың барлық көпбалалы аналарын қатыстыру ойымда бар. Ағымдағы айдың соңына дейін курсқа қатысушылардың қолынан шыққан бұйымдарымен акция ұйымдастырғалы отырмыз. Оған қыз жасауы, ұлттық нақышпен өрнектелген сөмкелер, құрақ көрпе-көпшік және т.б. бұйымдарды әзірлдеу үстіндеміз. Акциядан түскен табысқа курсқа қатысушыларға қажетті материалдар сатып аламыз. Курс барысында негізінен тәжірибеге баса мән беріледі. Оған шеберхананың материалдық-техникалық әлеуеті толығымен жетеді. 5 тігін машинасын өзім әкеліп қойдым. Алдағы уақытта қосымша техника алу үшін қайтарымсыз грант алуға құжаттарымды тапсырсам деймін. Осы орайда шеберхананы ғимаратпен қамтамасыз етіп, жөндеу жұмыстарына көмек берген аудан әкімі Н.Нұржігітовке және Бурыл ауылдық округінің әкімдігіне айтар алғысым шексіз», — дейді Айнұр.
Ісмер келіншек тапсырыспен қыз жасауымен қатар атқа жабу, автокөлік орындықтарының сыртқы қаптамасы, перде сынды дүниелерді тігіп, табыс табатынын да тілге тиек етті. Одан бөлек, курстан бос уақытында Ауған соғысы ардагерлеріне арнап әскери үлгідегі киім тігумен айналысып жүр екен.