«Ұлттың тілі — сол ұлттың жаны, жандүниесі. Ол жүректі соқтырып тұрған қан тамыры сияқты. Егер қан тамыры жабылып қалса, жүрегі де соғуын тоқтатпайды ма?» деп көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов айтса, Ғабит Мүсірепов «Тілін білмеген түбін білмейді» деген. Болашаққа қадам басуымыз үшін ана тілімізді дәріптеуіміз керек. Саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу міндетіміз. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Қай ұлттың өкілі болмасын Қазақстанда тұрады екен, оны қасиетті де киелі Отаным деп мойындап, оның гүлденуі үшін қызмет етуі тиіс. Қазіргі таңда қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытып жүрген шетел азаматтары баршылық.
Осы орайда Назарбаев Университетінде шетелдік студенттер үшін қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылғанын айтуға болады. Курстың ерекшелігі — ағылшын тілі арқылы қазақ тілін оқыту. Курсқа қатысқан жапон, мексикалық, бангладеш, ұлыбританиялық және америкалық 5 студент қазақ тілін әліпбиден бастап үйреніп, 8 аптаға созылған курстың соңында таза қазақша сөйлеп шыққан. Студенттер күніне 3,5-4 сағаттан аптасына 5 күн қазақ тілін оқыған.
Аталған курстың бағдарламасын дайындап, сабақты жүргізген қазақ тілінің маманы Дархан Шалқыбасов сұхбатында осы курстың ерекшелігі мен мамандардың тіл үйретудегі қателері жайлы айтып берді.
Маманның айтуынша, кез келген адам мақсатты түрде дайындалса екі айда қазақша сөйлеп үйрене алады. Студенттерді қазақша сөйлету үшін көптеген практикалық жаттығулар жасаған. Алғашқы тақырыптар өзі туралы, отбасы, бос уақыт, хобби, спорт, музыка, не ұнайды, не ұнамайды деген күнделікті тақырыптар болған. Осы тақырыптар негізінде сөйлетуге арналған арнайы тапсырмалар мен қарапайым мәтіндер беріліп, олардың негізінде студенттер өз отбасылары мен қызығушылықтары туралы сөйлей бастаған.
«Студенттерді сөйлету үшін тірек-сызбалар, кестелер берілді, олар басында осы дайын конструкцияларға, шаблондарға сүйене отырып сөйледі. Әсіресе ағылшын аудиториясында адамды сөйлетуге арналған активитилер, ойындар көп. Біз осыны тиміді пайдаландық. Сондай-ақ біздің курстың ерекшелігі біз негізгі күшті шетелдік студенттерді сөйлетуге, қазақша ойлауға жұмсадық. Оларды сөйлету үшін грамматикалық емес, практикалық тапсырмаларды көптеп бердік. Кейін келе біз мұны күрделендірдік, тақырыпты әбден талқылап пысықтап болған соң, студенттерді аудиториядан шығарып тақырып аясында бар білгендерін диктофонға сөйлеп, оны ортақ мессенджердегі топқа жіберуге тапсырма бердік. Аудиторияға кіргенде олар жіберген аудиоларын қайта тыңдап, қателері бойынша жұмыс істеді. Осы кері байланыстың арқасында студенттер сөйлегенде жіберетін грамматикалық қателерін көріп, оны түзетіп, сауатты сөйлеп үйренді», — дейді Дархан Шалқыбасов.
Шетелдік студенттер осы курстың нәтижесінде екі айда қазақ тілін үйренуге болатынын, қазақ тілі жеңіл тіл, логикасы бар тіл екеніне көз жеткізгендерін айтады.
«Екі айда қаза тілі өте ғажап тіл екенін түсіндім. Бұл бүгінгі Димаштың, Ұлы Абайдың, тәуелсіз қазақтың, XXI ғасырдың тілі екенін айтқымыз келеді. Біз қазақша таңдау жасадық», — дейді шетелдік студенттер.
Маманның пікірінше, тіл оқытуда шығармашылыққа арналған тапсырмалар болса жақсы. Курстың соңғы аптасында табиғи апаттар туралы тақырып өткенде, студенттердің бір тапсырмасы жанартауға қатысты зерттеу болған. Зерттеу-парақшасындағы тапсырмаларға жауап жазу арқылы тақырып бойынша сөйлеген. Сондай-ақ бірінші аптада қазақ әліпбиін оқып бастаған студенттер курстың соңында бағдарламада көрсетілген тақырыптарда презентация қорғайтындай дәрежеге жеткен.
«Менің айтқым келгені біздің дайындаған материалдар тек грамматикаға ғана негізделмеу керек. Қазақша сөйлеуді грамматика арқылы емес, керісінше грамматиканы сөйлеу барысында үйренулері керек. Ал біздегі бір қызық мәселе, оқулықтардағы негізгі екпін грамматикаға түсетінін көреміз. Көбі грамматикалық тапсырмалар. Әрине грамматика керек, бірақ адамды сөйлету үшін тек грамматиканы оқытумен нәтижеге қол жеткізбейсіз. Негізгі, басты деген 5-6 грамматикалық конструкцияны білсе, тәуелдеуді, жіктеуді, септеуді, етістіктің 2-3 шағын білсе, адам сөйлей алады. Кейін сөздік қорды, фразалық тіркесті толықтырып отыру қажет. Ал енді, барармын, бармақпын, барғалы отырмын, барайын деп жатырмын деп тіл үйренуші ә дегенде шатастырудың қажеті жоқ», — деп түйіндеді жаңа әдіснаманың авторы.
Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен «Тіл-халық рухы» іс шара жоспарына сәйкес әзірленді.