Аға сержант Исаев Арай Кәдірбайұлы 1991 жылы 20 сәуірде Тараз қаласында дүниеге келген. 85395 әскери бөлімінде мото-атқыштар батальонында взвод сержанты лауазымында қызмет атқарады. 2020-2021 жылдар аралығында БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштер миссиясына қатысқан. Үйленген үш қызы бар. Бокстан спорт шеберіне үміткер.
«Өзім бала кезден боксты және көкпарды жақсы көремін. Атам Ұлы Отан соғысының ардагері, әкем де әскери борышын өтеген. Сол себепті де мен бала кезден әскери адам болуды армандадым. Әскери адам болған соң басшылық қайда жіберсе де 100 пайыз дайынмын. Қапшағай қаласында іріктеуден өтіп, 120 адам Ливан мемлекетіне бітімгерлік миссиямен жеті айға аттандық. Онда басты міндетіміз бейбітшілікті сақтау болды. Ол жақта әлі күнге дейін қақтығыстар жүріп жатыр. Ұзақ уақыт еліңнен, отбасыңнан жырақта өмір мен өлім арасында жүру оңай болмады. Сол аралықта келіншегім анасынан айырылды, мен жанында болып қолдау көрсете алмадым. Алайда ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді дейді, бәріне төземіз. Біз онда Үндістан елінің құрамында болдық, жаяу патруль жасағының командирі болдым. Шетелдіктермен тәжірибе алмастық, көптеген іс-әрекеттерді үйрендік/үйреттік. 6 миллион халқы бар Ливан елі діни көзқарас бойынша төртке бөлінген. Қауіп деңгейі өте жоғары еді. Миссиядан келген соң офицерлік құрамға кіру арманы пайда болды. Сол арманның жетегінде жұмыс істеп жатырмын», — дейді Исаев Арай.
«Әскери медиа» жобасы аясында әскери салада жүрген сарбаздар, сержанттар және офицерлердің қызметтік борышынан бөлек, қарапайым өмірдегі қызығушылықтары, өмірлік ұстанымдары және елдің дамуына қосып жатқан үлесі жазылады.
Бұл іс-шара «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-тың қолдауымен «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастырып жатқан «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шараларды өткізу» жобасы аясындағы «Әскери медиа» шағын грант негізінде жүзеге асырылып отыр.