Ербол Болатұлы Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаметі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл ақпаратты Yyedilov Telegram каналы таратты.
Ашық деркөздердегі ақпаратқа қарағанда, Ербол Назарбаев — Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевтың ұлы. Ол 1983 жылы туған. Интернетте оның бұған дейін қандай қызмет атқарғаны туралы ақпарат жоқ.
Бірақ Қазақстан қаржы министрлігіне қарасты қаржылық есептілік депозитарийі сайтында Ербол Назарбаевтың «Алматы ауыр машина жасау зауыты» акционерлік қоғамы үлескерлернің бірі екені көрсетілген. Ол сайттағы ақпаратта Жанат Қанағатқызы Назарбаева да «Алматы ауыр машина жасау зауыты» акционерлік қоғамы үлескерлерінің қатарында. Жанат Қанағатқызының Назарбаев әулетіне қатысы бар я жоғы белгісіз.
Қазақстанды 30 жылға жуық билеген Нұрсұлтан Назарбаевтың туысқандары бұрыннан бері биліктің түрлі тармағында қызмет атқарып келеді.