Жамбыл облысы әкімдігінің мәжілісінде өңірдің ағымдағы жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары сараланды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жыл басынан бері экономиканың тұрақтылығы сақталып тұрғанын баса айтты. Аграрлық секторды қоспағанда, барлық салалар бойынша көрсеткіштер республикалық деңгейден жоғары.
Баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалардағы жұмыстарға тоқталып өтті.
Айталық, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісі 3,8 пайызға өссе, экономикалық өсім 2,3 пайызды құрады. 433,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді десек, бұл жоспардан 9,5 пайызға жоғары. 230,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 8,2 пайызға жеткен.
Сонымен бірге инфляция деңгейі 4,8 пайызды, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер Республикалық деңгейден сәл төмен, бірақ мұнымен тұралап қалуға болмайды.
Тиімді экономиканың маңызды шарты — инвестиция тарту. Алайда, бірқатар аудан әкімдіктері бұл бағытта әлсіздік танытуда.
— Бұл әсіресе Жуалы, Рысқұлов және Жамбыл аудандарының әкімдеріне қатысты. Жыл басынан бері олар бірде-бір инвестициялық жоба ұсынбаған, — деді аймақ басшысы.
Сонымен бірге, жақында даму институттары – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» холдингі бірлескен жұмыс үшін қолда бар мүмкіндіктер мен ресурстарды беруге дайын екендіктерін білдіріп, бірлескен бейнеконференциялардан кейін кең қызмет өрісі ашылады деп күтілуде.
Ірі жобаларды қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша да өңірдегі жұмыстар тұралап тұр. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 2018 жылдан бастап тек 575 жұмыс орны ашылған. Карантин жағдайында 370-тен астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары өз жұмыстарын толыққанды реттей алмайтындығында көрсетіп берді. Екінші деңгейлі банктер де несиелендіруге арналған жобалық өтінімдерді ұзақ уақыт бойы қарастырып келеді. Жалпы, мұның бәрі жергілікті кәсіпкерлердің отандық бизнесті дамытуға қосқан үлесінің төмендігін байқатады.
Құрылыс индустриясы өңірдегі маңызды сала болып қала бермек десек, бұл бойынша жыл соңына дейін жалпы құны 52,3 млрд теңгені құрайтын 221 жоба жүзеге асырылады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 38,1 пайызды құрайды. 2597 жеке тұрғын үй және 986 пәтер салынды. Облыс бойынша 32740 тұрғын коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 47,1 пайызы әлеуметтік осал топтардың өкілдері болса, 13,1 пайызы көпбалалы отбасылар.
Алдағы жылы кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 24,9 млрд. теңге қарастырылатын болады. Оның 17,5 миллиарды – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, 5,9 миллиарды – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінсе, қалған 0,9 миллиарды — жатақханалар салуға арналмақ. Бұл 2021 жылы тұрғын үй қорын 3766 пәтерлі 65 көпқабатты үйге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін 3181 пәтерлік 55 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Әлеуметтік саладағы, әсіресе денсаулық сақтау ісіндегі жағдай да назар аударарлықтай. Айталық, балалар өлімінің, туберкулез және қатерлі ісіктің әр түрлі түрлерінің төмендеуі секілді кейбір индикаторларды орындаудың оң тенденциялары байқалады. Дегенмен, ана өлімінің өсу тенденциясы сезіледі.
Жалпы өлім-жітімді төмендету жолында скринингтік жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, тәжірибелі медициналық қызметкерлерді тарту, қажетті дәрі-дәрмектермен және жабдықтармен толық және уақытылы қамтамасыз ету маңызды екендігін айтпасақ та түсінікті.
Пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық басталып кеткен. Сатып алынған жабдықтың 90 пайызға жуығы белгіленген жерге жеткізілді. Қалғаны қараша айында келеді деп күтілуде. Барлық ауруханаларда екі айға қажетті дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құралдары бар. Сондай-ақ, қажет болған тжағдайда, Асфендияров атындағы медициналық университеттен түрлі деңгейдегі 150-ге жуық дәрігерлер тартылмақ. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов ауданындағы перинаталдық аурухана мен медициналық мекеме күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді.
— Мниторингтік топтарының жұмысын қайта қарап, күшейту керек. Халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын арттыру қажет. Тұрғындар әлі де болса келер қауіпті түсінбей, бейқамдылық танытуда, — деп атап өтті Сапарбаев.
Сондай-ақ, басқосуда жұмыспен қамту бағдарламасының жүзеге асырылуы, ішкі және жастар саясаты, тілдерді дамыту, спорт мәселелеріне қатысты жұмыстар да тыңдалды.
Агро салада есепті кезеңде өндірілген өнім көлемі ақшалай түрде 273 млрд. теңгені құраса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға жоғары.
Тиісті кезеңде 22,5 млрд.теңге инвестиция тартылып, жоспар 103,9 пайызға орындалған. Мал саны 5,3 пайызға өсті. Егіс алқабы да ұлғаюда. 359,3 мың гектардан 817 мың тонна астық жиналды, әр гектардан 22,7 центнерден өнім алынды.
— Алма бақтарының аумағын 1100-ден 1600 гектарға дейін ұлғайту керек. Шие, таңқурай мен құлпынай және басқа да осыған ұқсас жеміс-жидектердің алқабын екі-үш есе кеңейтуге мүмкіндік бар. Біздің тоңазытқыш қоймаларымызда 248 мың тоннаға дейін көкөністер мен жемістер сақталады, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Өз орынбасарларының баяндамаларын тыңдаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жиналғандардың назарын өзекті мәселелерге аударып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда, нан бағасының негізсіз көтерілуін болдырмау, қажет болған жағдайда – тұрақтандыру қорынан ұн жеткізуге наубайханаларға көмектесу бойынша тапсырма берілді.
— Алдымызда пандемияның екінші толқыны болуы мүмкін, жағдай оңай емес, не болатыны белгісіз. Қазіргі уақытта мұқият, талмай жұмыс істеу аса маңызды. Сондай-ақ, тұрғындардың әрбір өтінішіне, оларды мүмкіндігінше жедел шешуге барынша назар аударған жөн, — деп аймақ басшысы алдағы міндеттерге тоқталды.