Тәжбаев Ғазиз Серікұлы — Қостанай қаласының тумасы. Ресейдің Екатеринбурге қаласындағы теміржолшылар университетін тәмамдаған. 2021 жылдың күзінен Жамбыл облысы Гвардейск гарнизонындағы №12 танк бригадасында борышын өтеп жатыр. Ант қабылдау кезінде мыңдаған сарбаздар арасынан іріктеліп, офлайн/онлайн түрде ант берген.
«Оқуда жүргенімде университет құрамасының атынан КВН ойнайтынмын, жолаушылар вагонында жолсерік болып жұмыс істейтінмін. Әскерде жүріп, өзімде айтарлықтай өзгерістерді байқаймын. Көптеген сарбаз мұнда біраз нәрсенің қадірін біледі: уақыт, тәртіп, қолжетімділік. Бұрындары әскер туралы ойым мүлде басқа еді, мұнда келген соң өзгеше екенін байқадым. Жас бала болып келіп, жігіт болып шығатын жер. Мен үшін әскер — ересек өмірге деген терезе болды. Әскери борышымды өтеп болған соң, өз мамандығым бойынша жұмыс іздеймін. Болашақ жарым дәрігер болғанын қалаймын», — дейді Ғазиз.
Әскери медиа жобасы аясында әскери салада жүрген сарбаздар, сержанттар және офицерлердің қызметтік борышынан бөлек қарапайым өмірдегі қызығушылықтары, өмірлік ұстанымдары және елдің дамуына қосып жатқан үлесі жазылады.
Бұл іс-шара «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-ның қолдауымен «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастырып жатқан «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шараларды өткізу» жобасы аясындағы «Әскери медиа» шағын грант негізінде жүзеге асырылып отыр.