Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласының №14 және №15 шағын ауданының мәселелері талқыланды.
Жиында №14 шағын ауданының құрылысы бойынша жобаның 3 түрлі нұсқасы ұсынылды. Олар бұған дейін жүргізілген инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілілеріне сәйкестендірілгендігі айтылды.
Ұсынылған жобалар бойынша жаңа ауданның аумағы 100 гектардан асады. Онда көпқабатты тұрғын үйлермен қатар, онкологиялық диспансерлік орталық, IT лицей-интернаты, көпбейінді аурухана, оңалту орталығы, саябақ салу және тағы басқа нысандардың құрылысы жоспарланған.
Облыс әкімі жауаптыларға бірінші нұсқа бойынша жобаны жетілдіруді тапсырды. Жаңа шағын аудан коммерциялық аумақ ретінде қалыптасуына айрықша назар аудартты. Инфрақұрылымдық желілердің әлеуеті барынша ескеріліп, ирригациялық жүйелердің реттілігіне де баса ден қою керектігін жеткізді.
Аймақ басшысы денсаулық сақтау, білім, спорт салалалары бойынша нысандарды жоспардағы халықтың қажеттілігіне қарай салу маңыздылығын ескертті.
Сондай-ақ, басқосуда 15 шағын ауданындағы бірқатар мәселелерді шешу жолдары сараланды.