Таразда 130 жылдық тарихы бар «Мамыр» саябағы жабайы орманға айналды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Aibat ақпарат қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, бірнеше жылдан бері жасыл желек суарылмай келеді. Бүгінде халық тынығатын жерді арамшөп басып, қоқысқа толған. Әуежайдан қалаға әкелетін жол жиегіндегі ағаштар да қурап жатыр. Ал әкімдік өкілдері олар саябақты баптап отырғанын айтады.
«Мұнда есірткі пайдаланатын жастар жиі жүреді. Үйсіздер де қонуға келеді. Шөптері күйіп кеткен. Мүлде суарылмайды. Әкімдік бізге саябақты қарап отырғанын айтады», — дейді жергілікті тұрғын Кирилл Бердецкий.
Ақпарат қызметінің мәліметінше, қала қақпасы мен әуежай жолындағы ағаштар қурап қалған. Жергілікті тұрғын Қасым Сейдуалиевтің сөзінше, бұл жер 5 жылдан бері суарылмай, қурап кеткен.
«Су бермеген. Суарылу керек міне арықтары жатыр. Әуежай міне түбімізде, қалаға шетелден қонақтер келеді, көрінісі мынау көріп тұрсыңдар ғой», — дейді ол.
Ал қала әкімдігі ағаштар қартайғаннан қурағанын айтады. Олардың сөзінше, әкімдік саябақты күтіп-баптап жүр.
«Жұмыстар жүріп жатыр. Өткенде каналдарын жөндеген, шлюздарын, сол кезде кішкене су болмай қалды.Қурап, зиянкестердің кесірінен ағаштар ішінде ұлпасы бар солар зақымданып жатыр», — дейді Тараз қаласы әкімдігі «Жасыл ел — Тараз» ЖШС директорының орынбасары Айдын Кемелбеков.
Бүгінде жол жиегіндегі ағаштардың 70 пайызы шабылған. Шенеуніктердің сөзінше, күзге қарай жас талдар егіледі.