Жамбыл облысының əкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар білім нысандары мен «Даңқ» аллеясын аралап, ондағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
«Қант зауыты» тұрғын алқабындағы «Даңқ» аллеясын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Осыдан 50 жыл бұрын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне салынған аллеяның талай жылдан бері күрделі жөндеу көрмегені көрініп тұр. Аллеяны уақыт талабына сай қайта жаңғырту үшін бюджеттен 34 миллион теңге бөлінген. Құрылысты «Самұрық 2020» ЖШС жүргізуде. Серіктестік директоры Нұрғиса Қуанышбаев аллеяны жаңғырту жұмыстары аясында жаңа су бұрқақ салынып, «Мəңгілік алау» стелласы және өзге де көрнекі белгілер пайда болатынын жеткізді. Алайда, бөлінген қаражаттың аллеяны толық жөндеуге жетпейтінін, оның жарты бөлігінің ғана жөнделетінін естіген Бердібек Сапарбаев қалған бөлігіне қанша қаржы қажеттігін есептеп, ұсыныс беруді тапсырды.
«Құрылысты бастаған соң оған тиісті қолдау көрсетіледі»,-деді аймақ басшысы. Бұл шара адамзат тарихында өшпес із қалдырған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Ə.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясы өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Уақыт өте келе, оқушылар саны көбейіп, оқу ғимаратын кеңейту қажеттілігі туындады. Білім ошағы жанынан 300 орынды жапсарлас нысан салу үшін биыл облыстық бюджеттен 347,4 миллион теңге бөлінді.
Нысанның құрылыс жұмыстарын «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Оның барысы туралы серіктестік басшысы Райымбек Байдаулетов баяндады. Оның айтуынша, құрылыс алаңында 30 адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда нысанның жертөлесі салынуда. Серіктестік бұл ғимаратты тамыз айында тапсыруды жоспарлап отыр.
Өз кезегінде мектеп директоры Ләззат Қызылқұлова екі қабаттан тұратын жаңа ғимаратта қосымша 14 сынып бөлмесі ашылып, оқушылардың бір ауысымдағы сыйымдылығы 1000 орынға жеткізілетінін атап өтті.
Бердібек Сапарбаев мектепті аралап көріп, сыртқы келбетінің бір түсті болуына, ауласының абаттандырылуына, кіре берісінің талапқа сай қайта салынуын және тиісті басқарма басшыларына құрылыстың сапалы жүргізілуін қатаң қадағалауды тапсырды.
Бұдан кейін өңір басшысы №17 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер — «ТаразЭлитСтрой» компаниясы. Серіктестік директорының міндетін атқарушы Дмитрий Семенов күрделі жөндеу жұмыстары жайлы айтып берді. Құрылыс жоспарға сай жүргізілуде.
Бердібек Сапарбаев құрылыс алаңын аралаған соң мердігерге мектептің 1 қыркүйекте дайын болу керектігін ескертті. 1 қыркүйекте балалар жаңарған мектепке келулері тиіс.