Жамбыл облысындағы көпсалалы балалар ауруханасында дәлізде жатқан балалар видеоға түсірілді. Бас дәрігердің орынбасары Сейдахмет Чинибеков тұрығындар наразылығына жауап берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеоға аурухана дәлізі түсірілген. Дәліздегі орындықтарға төсек жапқыш жабылған, онда балалар мен ересек пациенттер жатқаны көрінеді. Сонымен қатар, дәлізде науқастар жатқан бірнеше төсек тұр.
Сейдахмет Чинибековтің айтуынша, науқастар палатада санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілуіне байланысты дәлізде күтіп отыр.
«Күз-қыс мезгілінде жедел респираторлық аурулар көбейеді. Күніне бөлімшеге 100-130 науқас жүгінеді. Стационарлық емдеуді қажет ететін балалар саны артып барады. Ауруханаға жатқызылған баланың бәрі ПТР-сынамасын тапсырады. Сынама теріс нәтиже көрсетсе, бала мамандандырылған бөлімшеге ауыстырылады.
Бірақ палатада әр науқастан кейін санитарлық өңдеу, дезинфекция, кварцтау, желдету, төсек-орын ауыстырылады. Бұл уақытта балалар уақытша дәліздерде болды. Жарты сағаттан екі сағатқа дейін уақыт кетеді», — деп түсіндірді бас дәрігердің орынбасары.
Әлеуметтік желіде кейбір балаларды қабылдамай, «түнде Байзақ ауруханасына апарады» деген ақпарат тарады. Чинибеков бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Расында, балалар көп. Жағдайына қарай ауруханаға жатқызылады. Бірақ бізде ондай болған жоқ, Байзаққа ешкімді жіберген жоқпыз. Әзірге ешкімнен бас тартқан жоқпыз. Өтініш білдірген баланың бәрін көрсетілім бойынша қабылдаймыз», — деп сендірді Сейдахмет Чинибеков.