Тараздағы мектеп оқушылары арасындағы атыстан зардап шеккендер бірнеше күннен соң ауруханадан шығарылады. Дәрігерлердің сөзінше, олардың өміріне төнген қауіп жоқ. Ал құзырлы орын мен білім бөлімі болған жағдайды бес күн бойы жасырған. Әлі күнге ақпарат беруден тартқан, — деп хабарлайды «КТК» телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, жасөспірімдер арасындағы жанжалға не себеп болғаны әлі белгісіз. Оқиға бес күн бұрын сағат 23:00 шамасында Шөлдала ауылында болған. Бір топ бала осы елдімекеннің жасөспірімдеріне оқ атқан. Бірақ бұл дерек бүгінге дейін жасырын ұсталған. Жаппай тәртіпсіздікке қанша адамның қатысқаны белгісіз. Ал жарақат алғандар саны үшеу. Оның біреуі — колледж студенті, екеуі 11 сынып оқушысы. Денесі бытыраға тұнып қалған жәбірленушілер әлі ауруханада жатыр.
«Ауруханаға жатқан уақытта олардың жағдайы орташа ауыр деп есептелді. Бытыраның көптігіне байланысты ота жасалды. Балалардың өміріне қауіп төнетіндей, бытыралардың қан тамыры маңына орналасу қаупі жоқ. Бүгінде жағдайы тұрақты», — дейді Жамбыл облысы көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сәтжанов.
Науқастардың денесіндегі бытыраның санында есеп жоқ, алайда жанды жеріне тимеген. Ем қабылдап жатқан екеуі екі күнде үйіне жіберіледі. Ал Шөлдаланың тұрғындары бұл оқиғадан шошып, балаларын көшеге шығаруға қорқып отыр. Оқыс жағдайдан кейін мектеп директоры мен оның орынбасарына қатаң сөгіс жарияланған. Ал жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан білім бөлімінің басшысы қару қолданған қарсы тарап қай мектеп оқушылары екенін айтпай қойған.
ktk.kz сайтының материалдарын пайдалану Материалды мәтіннің бірінші немесе екінші сөйлемінде негізгі мәтін ретінде бір шрифтпен орналастырылуы тиіс материалға тікелей гиперсілтеме болған кезде рұқсат етіледі.Телеарна мәліметінше, тәртіп сақшылары бұл деректі барынша құпия ұстауға тырысқан. Тек шағын мәлімет таратқан. Онда оқиғаның мән-жайы жан-жақты түсіндірілмеген.
Ал бейресми мәлімет бойынша, көрші ауылдың үш машинаға мінген бір топ азаматы осында келіп, №55 мектептің шәкірттеріне оқ жаудырған. Қарсы тараптың арасында да мектеп оқушылары бар көрінеді.
«Бұл дерек бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыс істеген күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық істің толық мән-жайы қылмыстық процесуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты жариялануға жатпайды», — деді Тараз қаласы №2 ПБ басшысы Бейбіт Нәлеков.
Айта кетейік, телеарна мәліметінше, былтыр да осы ауылда оқушылар арасында жаппай төбелес болған екен. Ол кезде 16 бала бес жігітке жабылып, біреуін пышақтап өлтірген.