Таразда қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Сергек» жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Полиция департаментінің мәліметінше, аппараттық-бағдарламалық жүйе қаланың 48 жеріне орнатылған. Олар жылдамдықты шектен асыру, бағдаршамның тыйым салынған түсіне жүру секілді ереже бұзуды тіркейді. Жүйе ереже бұзған көлікті есепке автоматты түрде алады. Бұған дейін «Сергек» жүйесі Таразда өткен жылдың 1 желтоқсанында тестілік режимде іске қосылған болатын.
Айта кетерлігі, соңғы 2 жылда қоғамдық орындарға 305 бейнекамера орнатылды. Сонымен қоса, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көппәтерлі тұрғын үй аулаларына 1250 бейнекамера орнатылды. Мамандар аталған құрылғылар қылмыстың ізін суытпай ашуға септігін тигізетінін айтады.
Қуатбай Тубеков, қалалық Полиция басқармасы жедел басқару орталығының басшысы: — 95 интелектуалды камера бар. Оның ерекшелігі, мысалы, із-түссіз жоғалу болса, кішкентай бала болса, бізде арнайы бағдарлама бар. Бағыттама бойынша үстіне киген киімін, басына киген киімін анықтап, толығымен базаға енгіземіз. Ол база 5-10 минуттың ішінде қай көшеде, қай бұрылыста жүргенін анықтап береді.