Таразда «Коммуналдық меншік объектілерін жалға беру орталығының» бұрынғы директоры мемлекетке тиесілі жалпы құны 300 миллион теңге болатын бес нысанды өз туыстарына заңсыз тіркеген, — деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.
Телеарнаның мәліметінше, ол қызметтік бабын пайдаланып, төрт ғимарат пен бір жер телімін туыстарына беру туралы заңсыз бұйрықтар шығарған. Артынша мүлікті өз атына рәсімдеп, бес нысанның екеуін сатып, қалғанын интернет арқылы саудаға қойған.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты құжаттарды жарамсыз деп танып, ғимараттар мен жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Ал мемлекеттік қызметкер тоғыз жылға сотталып, мемлекеттік органдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.
«Тараз қаласының №2 сотының үкімімен Бақтыбаев 189-баптың 4-ші және 2-тармағымен кінәлі деп танылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ», — деді Жамбыл облысының прокуратурасы.