Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxатының келісімімен, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Т. Рысқұлов ауданының әкімі болып Есіркепов Ернар Серікәліұлы тағайындалды.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Аймақ басшысы ауданның жаңа әкіміне өңірдің жоғары әлеуетін тимді пайдаланып, экономикасын арттыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ, халықтың тұрмысын жақсарту, кері байланысты нығайту, мәселелерді шешу, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін атап өтті.
Ернар Серікәліұлы 1981 жылы Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында туған.
2003 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарындағы экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлық және бақылау жұмысы бөлімінің маманы болып бастаған.
Әр жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік бөлімдерінің бас маманы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық және кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, құжаттама және бақылау бөлімінің басшысы, облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары-мемлекеттік еңбек инспекторы қызметтерін атқарған.
2021 жылдың қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы-бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымында еңбек етіп келді.