Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Байзақ ауданындағы төтенше жағдай салдарын жою барысы туралы ақпаратын тыңдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
Президентке 122 жылжымайтын мүліктің, соның ішінде 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық және 4 әлеуметтік нысанның қирағаны жөнінде баяндалды. Қазіргі уақытта 12 мекеме, 23 техника мен 185 жұмысшы қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған.
Жамбыл облысы әкімінің айтуынша, бүгінге дейін 62 тұрғын үй жөнделген. Жалпы қайта қалпына келтіру жұмыстарын 10 қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жібек жолы ауылындағы қираған №5 орта мектептің орнына жаңа мектеп салынады.
Бердібек Сапарбаевтың мәліметі бойынша, 26 адам стационарда ем алып жатыр. Олардың 15-і госпитальда емделіп жатқан әскери, полиция және Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкері.
«Жарылыстан қаза болғандар отбасына материалдық көмек көрсетіліп жатыр, сондай-ақ зардап шеккен отбасылардың жұмыссыз мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр. Екінші деңгейлі банктерде қарызы бар отбасылардың кредитін өтеу мәселесі толық шешілген», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәлімет берілді. Жамбыл облысының экономикалық өсімі — 106,4 пайыз. Биылғы қаңтар-тамыз қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің өсімі 5,4 пайыз, ауыл шаруашылығы 3 пайыз, инвестиция 19,5 пайыз, құрылыс 9 пайыз, тұрғын үй 14 пайыз, сауда-саттық 4 пайыз деңгейінде болады деп күтіледі.
Биыл ауа райының қолайсыздығы мен қуаңшылыққа қарамастан, егін өнімділігі өңір бойынша гектарына 15 центнерден айналмақ. Әкімнің айтуынша, облыстағы вакцина алуға тиісті тұрғындардың 72,5 пайызы екпе алған.
Сонымен қатар, Президентке вакцина шығаратын зауыттың дайын өнімді құюға толық әзір екені айтылды. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Зауыт пен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми зерттеу институтының қызметкерлеріне арналған үйлер мен акт залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр.
Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкіміне осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.