4-5 қараша күндері Алматы қаласында «IQ BATTLE» атауымен республикалық әскери-патриоттық интеллектуалды ойыны өтті, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі.
Екі күнге созылған интеллектуалды ойын алдын-ала онлайн іріктеу бойынша өткен республиканың түкпір-түкпірінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жастардың басын қосты. Ойынға Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және өзге де облыстардың жастары қатысты. Шараға жиыны 16 команда қатысып, іріктеу, жартылай финал және финалдық кезеңдерден тұрды. Интеллектуалды сұрақтар әскери, тарихи, логикалық, ұлттық құндылықтар, ұлы тұлғалар мен атаулы оқиғаларды, сонымен қатар жастардың дүниетанымын дамытарлық кейстерді де қамтыды.
«Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен интеллектуалды білім саласының үздіктерін жинадық. Екі күнге созылған шарада интеллектуалды ойыннан бөлек арнайы бағдарламаларымыз да қарастырылды. Бұл ойын жастар үшін жаңа мәліметтер игерумен қатар, жаңа орта табуына да көмектесті. Еске сала кету керек, әскери-патриоттық бағыттағы интеллектуалды ойын тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Біздің ең басты мақсатымыз елімізде зияткер ұрпақты қалыптастыру. Барша жеңімпаздарды құттықтаймыз! Білімді ұрпақтарымыз көп болсын», — дейді жоба координаторы Шырын Мұратқызы.
Шара нәтижесі бойынша ерекше білімділігімен көзге түскен 3 қатысушыға 20 000 теңгелік ақшалай сыйлық табысталса, 1 орынға 100 000 теңге, 2 орынға 70 000 теңге, 3 орынға 50 000 теңгелік сертификаттар табысталды. Ойын қорытындасы бойынша 1 орын — Шығыс Қазақстан облысы «Qagan» командасы, 2 орын — Ұлытай облысы «Жаңаарқа ауданы» командасы, 3 орын — Жамбыл облысы «Жамбыл Альянсы» командасы иеленді.
ШараныҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық жобасы «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шараларды өткізу» әлеуметтік жобасы аясында «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ұйымдастырды. Шара мақсаты – елімізідегі жастардың интеллектуалды әлеуетін арттыра отырып патриот жастарды тәрбиелеу.