Биыл Жамбыл облысында жолдарды жаңғырту мен жөндеуге 16,2 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірде автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 038 шақырымды құрайды. Биыл жол саласына 16,2 млрд теңге қарастырылған (оның ішінде 8,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен). Бұл туралы әкімдікте өткен жиында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков баяндады.
Бөлінген қаржы Тараз қаласындағы 9,4 шақырым жолды қайта жаңғыртуға және жалпы 605,2 шақырымды құрайтын облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін орташа жөндеуге бағытталады.
Жол жөндеу бойынша барлығы 252 жоба жоспарланған, олар негізінен «Нұрлы жол», «Ауыл – Ел бесігі», «Өңірлерді дамыту-2025» мемлекеттік бағдарламалары және жергілікті бюджеттер шеңберінде жүзеге аспақ.
«Өкінішке қарай, бір жолды жөндегеннен кейін келесі жылы сол бөлікті тағы да жаңалауға тура келіп жатады. Бұл мердігерлердің сапасыз жұмысының көрінісі. Мұндай тәжірибені тоқтататын кез келді», — деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар 1220 шақырым жолды орташа жөндеумен қамту жоспарлануда.
Сондай-ақ жиында қоғамдық көлік саласына да көңіл бөлінді. Өңірде 165 автобус маршруттары ұйымдастырылған, оның 19-ы облысаралық, 25-і ауданаралық, 75 -і ауданішілік және ауылішілік, 42-сі қалалық бағыттар болып табылады. Бұл бағыттарда 1004 автобус қызмет көрсетеді.