Луговой станциясында көлік полициясының қызметкерлері пойыз бен платформа арасындағы қуысқа құлап кеткен ер адамды шығарып алды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі көліктегі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
23 шілдеде ер адам Көкшетау-Қызылорда бағытындағы пойызға отыруы керек болған. Бірақ жолаушы кешігіп келген. Пойыз жылжи бастағанын көргенде ер адам қатарласа жүгіріп, вагонның есігін ұрғылайды. Ол полицейлердің ескертуіне құлақ аспаған.
«Нәтижесінде ер адам байқаусызда тайып кетіп, пойыз бен платформа арасындағы қуысқа құлап кетті. Пойыз шұғыл түрде баяулады және тәртіп сақшылары оны пойыздың астынан алып шықты», — деді полиция өкілі.
Кейін ер адамның жеке басы анықталды. Ол Қызылорда қаласының 31 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам мас болған.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, құқықбұзушыдан орташа дәрежедегі масаңдық анықталған.
Оған қатысты бірден екі әкімшілік хаттама толтырылды: ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі («Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу») және ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы 1-бөлігі («Теміржол көлігі құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік жаза тағайындалды.
Осы оқиғаға байланысты пойыз 3 минутқа тоқтаған.