Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл облысында Қойгелді-Ерназар бағытындағы автожол бойында жаңадан салынған көпір пайдалануға берілді.
Талас және Жамбыл аудандары арасындағы жол қатынасын реттеудегі маңызы зор көпір құрылысы – тұрғындардың көптен бергі тілегі болатын.
Нысанның ашылуына аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қатысты.
«Биліктің ең негізгі міндеті – халыққа жағдай жасау, халыққа қызмет ететін салалалардың жұмысын жетілдіру. Бұған дейін қос аудан тұрғындары осы көпірді салу мәселесін көтерген болатын. Бүгін, міне, сіздердің өтініштеріңіз орындалды деуге болады.
Мемлекеттің қолдауымен көпір мен жолды салуға қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда көпірдің жұмыстары толығымен аяқталса, жолды келер жылы пайлануға беретін боламыз.
Қазақта «Көпір салу – сауапты іс» дейді. Бұл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ауылдықтар үшін тамаша тарту болды деп ойлаймын. Осыған бей-жай қарамай, атсалысқан барша азаматтарға, жұмысшыларға үлкен алғысымды айтамын.
Мұның бәрі әлбетте Тәуелсіздігіміздің, бейбіт тіршілігіміздің арқасында жүзеге асып отыр. Сондықтан азаттығымыздың қадірін жете түсініп, оны баянды ету жолында әрбіріміз аянып қалмауымыз керек», — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, көпірдің құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталып, мерзімінен бұрын аяқталып отыр.
Ал күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қойгелді-Ерназар автожолының бес шақырымдық бөлігі келер жылы толығымен пайдалануға тапсырылмақ.
«Қастерлі мерекемізге орай көптен күткен күрмеулі мәселеміз өз шешімін тауып отыр. Екі аудан, ауыл мен қала арасын жақындатқан бұл көпірдің пайдалануға берілгені біз үшін үлкен қуанышты жаңалық. Осынау игі іс үш үшін мемлекет, облыс басшылығына, құрылысшыларға ризашылығымызды жеткізгіміз келеді», — дейді Ерназар ауылының тұрғыны Нұрбол Төреқұлов.