Заңсыз көші-қонның алдын алу және жолын кесу мақсатында ағымдағы жылдың 27 маусымы мен 4 шілдесі аралығында Жамбыл облысының аумағында «Заңсыз көші-қон» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Полиция қызметкерлері Қордай ауданында қызмет атқару кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту дерегін анықтады.
Тексеру барысында Қырғызстан Республикасының 28 жастағы тумасында ҚР аумағына келу туралы ақпарат жоқ екені анықталды.
Күдіктінің айтуынша, 2020 жылдың наурыз айында «Қарасу АВТО» өткізу пунктінде ол анықталмаған адамның көмегімен базада тіркеусіз мемлекеттік шекараны кесіп өткен.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
— Жедел-алдын алу шарасы басталғаннан бері тәртіп сақшылары ҚР Көші-қон заңнамасын бұзудың 600-ге жуық дерегі мен 4 қылмыстық істі тіркеді. Сонымен қатар, 185 шетелдік сот шешімімен Қазақстан Республикасының шегінен шығарылды. Оларға еліміздің аумағына 5 жылға кіруге тыйым салынды, — деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Арман Тұрдалиев.