Жамбыл облысында тұрғынынан жарты тоннадан аса кептірілмеген марихуана табылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
7 шілдеде «Қарасора-2022» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу ауданы аумағында пилотсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде жабайы сораны жинап жатқан 41 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Полиция қызметкерлері күдікті ұсталған маңды тексеру барысында Уля атты қызметтік ит көмегімен шабылған жабайы қарасораны тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, ол жалпы салмағы 517 келі «кептірілмеген марихуана» болып шықты. Ұсталған ер адам кінәсін толық мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
«Дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша соталды тергеу амалдары басталды. Есірткі заттарын өткізу мақсатында жинағаны дәлелденген жағдайда, күдіктіге мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», — деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.