Жамбыл облысында жоғалған келіншекті іздеген сүңгуір өлі табылды, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
3 сәуірде Шу ауданында Тасөткел су қоймасында 1997 жылы туған азаматты іздестіру жұмыстары жүргізілген болатын. Ауа райының қолайсыздығы, желдің күшеюі салдарынан қайық аударылып, іздестіру жұмыстарын жүргізу орнында Жамбыл облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Жұмағали Абдрахманов жоғалып кеткен еді. Іздестіру-құтқару жұмыстары басталып, 35 күн бойы жүргізілді.
«10 мамырда сағат 12.20-да Шу ауданында, Тасөткел ауылынан 3 шақырым жерде, Тасөткел су қоймасында, Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының күшімен қамыс аймағында іздеу орнынан 500-600 метр қашықтықта акваторияны тексеру кезінде 1970 жылы туған бас құтқарушы Жұмағали Абдрахмановтың денесі табылды», — делінген хабарламада.
ТЖМ мәліметінше, жалпы іздестіру жұмыстарына 130-дан аса адам, оның ішінде, 1 кинологиялық есеп, 16 бірлік техника, 2 тікұшақ, 9 жүзу құралы, 1 пилотсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Жұмағали Абдрахманов азаматтық қорғау органдарында 2001 жылдың наурыз айынан бастап қызмет атқарған. Үйленген, екі баласы бар.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында жоғалып кеткен 23 жастағы қызды іздестіруге барған сүңгуірлердің бірі суға кетіп, денесі он төрт күннен бері табылмай жатқаны хабарланған болатын.