Жамбыл облысында ауылдық мәдениет үйлеріндегі штат бірліктерін ұлғайту бойынша шаралар қабылдануда. Бұл туралы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Басқосуда алдымен шомылу маусымындағы қайғылы оқиғалардың орын алуы және олардың алдын алу мәселесі талқыланды.
Облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков әлеуметтік желіде айтарлықтай тарап, талқыға түскен 23 шілде күні Талас өзеңінде орын алған қайғылы оқиға туралы тоқталып өтті. Ол атасы мен немересінің бірдей суға кеткенін, марқұмдардың денелерін табу бойынша атқарылған жұмыстарға жергілікті тұрғындардың көңілі толмағанын білдірді. Сондай-ақ, тиісті алгоритмнің жоқтығын, кері байланыс орнату мәселесінде ТЖД басшылығы жұмысының әлсіздігін атап көрсетті. ПД және аудан, ауылдық округі әкімдігінің немқұрайлылығын жеткізді.
Іздеу жұмыстарына атсалысып жүрген жүздеген еріктілердің қауіпсіздігін ешкім назарға алмағанын да ашып айтты.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мұндай салғырттық көптеген қайғылылы оқиғаларға алып келетінін атап айтып, жауаптылардың жұмысын сынға алды.
Шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын қатаң назарда ұстау, рұқсат етілмеген орындарда мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, ақпараттық-насихаттық шараларды арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Облыс әкімі аппараты мен ТЖ департаментіне бірлесіп жедел тиісті алгоритмді әзірлеу тапсырылды.
Бұдан соң кеңестің күн тәртібіндегі негізгі мәселеге сәйкес мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай баяндама жасады. Ол өңірдегі тарихи және мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау, кітапханалардағы ақпараттық орталықтардың жұмысын жандандыру және мәдени нысандарға күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы жан-жақты тоқталды.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда облысымызда 3435 тарихи-мәдени ескерткіштер бар болса, оның 5-уі — халықаралық ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне алынған.
Ағымдағы жылы облыс көлемінде 86 тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғау аймағын белгілеу жоспарланған. Алайда, аталған жұмыстар жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінбегендіктен бүгінгі күнге тоқтап тұр.
— Мәселені көрсетіп қана қоймай, оның шешу жолдарын да қарастырыңыздар. Қосымша қаржы көздерін тартуды ойластыру керек. Халықаралық қорлардың мүмкіндіктеріне жүгіну маңызды.
Біз өзіміздің тарихи-мәдени әлеуетімізді ұтымды ұқсатып, әр нысанның туристер үшін тартымдылығын арттыру керек. Бұл тек сөз жүзінде қалмауға тиіс,-дей келе Нұржан Нұржігітов «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметіне талдау жүргізуді тапсырды.
Бүгінде облыс көлемінде аталған басқарма қарасты 541 мекеме бар болса, оның 274-і кітапхана. 268 кітапхана интернетке қосылған. 2018 жылдан бастап ауыл тұрғындарына көрсетілетін электрондық ақпараттық қызмет аясын кеңейту, тұрғындардың әлеуметтік маңызды ақпараттар мен анықтамаларға қолжетімділігін арттыру мақсатында Цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылып, ауыл тұрғындарының пайдалануына жағдай туғызды.
Бүгінгі күні 139 ауылдық округте кітапханалар жанынан 210 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары жұмыс істейді.
Аймақ басшысы кітапханаларға оқырмандар тарту, цифрландырылған орталықтардың жұмысын сапалы ұйымдастыру, интернет мәселелеріне айрықша назар аудартты.
Сондай-ақ, ауылдық мәдениет үйлерінің штаттық бірліктерін арттыра отырып, жергілікті жерлерде балаларды үйірмелермен қамту мәселесіне көңіл бөлді. Әзірге, талдаудың нәтижесі 2023 жылға 80 штат бірлігін қарастыру қажеттігін көрсетуде. Бұл сан алдағы уақытта қайта нақтыланбақ.
— Барлық жұмысты қағаздағы индикаторлық көрсеткішпен өлшеп үйреніп қалғансыздар. Олай болмайды.
Шынында, кітапханаларға тұрақты оқырмандарды тарта алып жүрміз бе? Ауылдардағы интернет жылдамдығы ойдағыдай жұмысты қамтамасыз етуге жеткілікті ме? Бұл тұрғыда барлығы жақсы дей алмаймыз. Мәселелер жоқ емес.
Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін, халықпен тығыз жұмыс жүргізу керек. Кітапханадағы цифрлық орталықтардың тиімділігі бойынша тұрғындарға ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу керек,-деген облыс әкімі бұл тұрғыда нақты талдау жүргізу керектігін атап өтті.