Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірқатар мәселелер қаралды, — деп хабарлайды Тarazy.kz тілшісі.
Жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланысы бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмухаммед Ниязбеков, баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков баяндама жасады. Олар әлеуметтік желіде көтеріліп жатқан өзекті мәселелер, басшылардың белсенділігі, өтініштерге жауап берілу деңгейіне қатысты талдаулар қорытындысына тоқталды.
Аймақ басшысы бірқатар кемшіліктер бойынша аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан жеке-жеке жауаптар алып, алты айдың қорытындысымен нақты шешімдер қабылданып, шаралар қабылданатынын ескертті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және бюджеттің атқарылуы, 6 айдағы болжамдық көрсеткіштер туралы айтылды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, қаңтар-мамыр айларының қорытындысымен өңірде экономикалық өсім 6,2 пайызды құраған. Сондай-ақ, аудандар бөлінісіндегі төмен көрсеткіштер назарға алынды.
Аталған басқарма басшысы қаңтар-маусым айларымен негізгі экономикалық көрсеткіштердің күтілу мәндеріне талдау жүргізілгенін жеткізіп, Қордай, Мойынқұм, Сарысу аудандарында инвестиция көлеміне қатысты жоспардың төмен орындалу қаупі бар екенін жасырмады.
Қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиев 2022 жылдың 1 маусымына облыс бюджетінің кірістері 207,4 млрд. теңгеге немесе 106,1 пайызға орындалғанын атап өтті. Жалпы, облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 208,5 млрд.теңгеге немесе 99,4 пайызға игерілген.
Нұржан Нұржігітов барлық көрсеткіштер толығымен орындалу керектігін, оған мүмкіндік те, әлеует те жететінін баса айтты.