Жамбыл полицейлері 18 қару мен 900-ден астам оқ-дәрі тәркіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
4 қаңтардан бастап Жамбыл облысының полиция қызметкерлері әртүрлі калибрлі 18 бірлік қару мен 900-ден астам оқ-дәрілерді тәркіледі. Тәркіленген қарулардың арасында АК-74 автомат, АКС-74У автоматы, Benelli Argo 30-06 мылтық, ПМ тапаншасы, Mossberg қаруы, ТОЗ-16 қаруы, ИЖ 16 калибрлі қаруы, Reg agent револьвері, Бекас-2 бір оқпанды тегіс ұңғылы мылтық, газ тапаншасы, Байкал травматикалық тапанша, МР-79-9тм газ-травматикалық тапанша, екі тегіс ұңғылы аңшылық мылтығы, жарық-шулы гранатасы, тапанша оқжатарлары және әртүрлі калибрлі 901 оқ-дәрі бар.
Мысалы, 10 қаңтарда полиция қызметкерлері қаланың шағын аудандарының бірінің жанындағы бос жерде қапшықтан 7,62 мм калибрлі АК-74 автомат, 9 мм калибрлі 6 оқ-дәрісі бар ПМ тапаншасы және 12 калибрлі 6 оқ-дәрісі бар Бекас-2 бір тегіс ұңғылы мылтық тапты. Сонымен қатар 15 қаңтар күні сағат 14.35 шамасында Шу аудандық полиция қызметкерлері Төле би ауылындағы қараусыз қалған ғимараттың бірінен қару-жарақ жасырынған орын анықталды. Оқиға орнынан бір Mossberg қаруы, екі ТОЗ-16 калибрлі, бір ИЖ 16 калибрлі, бір ТОЗ 16 калибрлі, бір ПБ-4 1 мл калибрлі 18х45, бір Револьвер Reg agent кл-9мм атыс қаруы және екі жасауратқыш дыбыстық граната, 308 дана оқ-дәрі табылды.
Оған қоса өткен жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысы полиция департаментінен ұрланған 1 дана 9мм ПМ тапаншасы алынды. Бұдан басқа, жедел ақпаратты пысықтау барысында Шу қаласында полиция қызметкерлері 21 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тексеру кезінде одан бір оқжатары бар Байкал тіркелмеген травматикалық тапаншасы табылып, тәркіленді.
Сондай-ақ, “102” пультіне Тараздың 41 жастағы тұрғынынан үй маңындағы электр бағанының жанынан оқ-дәрілері бар сөмке тапқаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыруға келген полиция қызметкерлері аталған сөмкенің ішінен 7,62 мм калибрлі 509 оқ-дәрі тапты. Барлық қару-жарақ пен оқ-дәрілер сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді.