Жамбыл облысында 24 жастағы Әйгерім Әбдірайым есімді қыз туған әкесі Әмзе Әбілқасымовпен 24 жылдан кейін көрісті. Бұл туралы Qazaqstan ұлттық арнасының «Қымбат жандар» бағдарламасының сюжетінде айтылады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әйгерімнің айтуынша, ата-анасы ол сәби кезінде ажырасып кеткен. Нағашыларының қолында өскен ол 2015 жылдан бастап туған әкесін іздей бастаған.
Тұрмыс құрған соң осы бағдарламаға келуді шешкен.
«Әкемді іздеуге анам қарсы болды. Олардың не үшін ажырасқанын білмеймін, әкеме ешқандай өкпем жоқ. Тек мені неге іздемеді екен деген бір ғана сұрағым бар», — дейді Әйгерім.
Телеарна мәліметінше, Әмзе Әбілқасымов Алматы облысы Іле ауданының тұрғыны. 2001 жылы екінші рет шаңырақ көтерген. Жары Майра екеуі 2 қыз тәрбиелеп отыр екен.
«Әйгерімнің анасымен 1993 жылы үйленген едік. Тұңғыш ұлымыз шетінеп кетті. Кейін егіз қыздарым дүниеге келді. Ол кезде ажырасқан едік. Егіздердің бірі босанған кезде көз жұмды. Екіншісінің атын Әйгерім деп өзім қойдым», — деді әкесі.
Осылайша студияда әкесі мен қызы 24 жылдан кейін қайта қауышты.