Жамбыл облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде оқитын 23 618 студенттің жартысы, нақты айтқанда 11 784 жас мемлекеттік грант аясында білім алады. Биылғы оқу жылында 9-шы сынып бітірген оқушыларға арналған мемлекеттік тапсырыс санын 70 пайызға арттыру көзделіп отыр екен. Айталық, өткен оқу жылында 3 216 орынға мемлекеттік білім гранты бөлінсе, биыл 5 734-ке көбейіпті, — деп хабарлайды Tarazy.kz ақпараттық агенттігі.
«Жамбылдағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің жалпы саны 44. Аталған білім ошақтарының 20-сы мемлекеттік болса, 24-і жекеменшік. Бұл ретте колледждердің материалдық базасын жетілдіріп, сапалы білім беруге қол жеткізу шаралары күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта «Жас маман» жобасын қолға алдық, бұған өңірдегі 11 колледж еніп, оқу орындарына 3,7 миллиард теңгеге замануи құрылғылар сатып алынды. Ол 11 колледждің 7-еуі аудандарда орналасқан.
Сонымен қатар, өңірдің агроөнеркәсіптік кластерінің дамуына байланысты агрономия, ветеринария, зоотехния, ара, балық, орман, жеміс-көкөніс шаруашылықтары мамандықтарына мемлекеттік білім беру тапсырысын арттыру көзделіп отыр»,- дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.
Бүгінде жобаға құжаттарын өткізген 8 арнаулы білім ошағы ақылы негізде қызмет көрсетуді бастап кетіпті. Бұл білім ошақтарының білімгерлері кондитерлік өнімдер мен аспаздық жартылай фабрикаттар шығарады, көрпе-төсек бұйымдарын тігеді, автокөлік жөндейді, көтергіш кран, эксковатор қызметтерін атқарады, егіс алқаптары өнімдерін өндіреді. Сондай-ақ, қазіргі кезде осындай шаруалардың арқасында 2 «Студент өнімі» дүкені мен 2 ақылы негізде қызмет көрсететін орталық тұрғындарға қызмет көрсетуде екен.
— Өңірімізде арнаулы білім мекемелерін ірі жұмыс берушілерге шефтік қамқорлыққа ұсыну шаралары да жалғасып жатыр.Қазіргі кезге дейін аймақтағы 18 білім беру мекемесі «Қазфосфат», «Имсталькон», «Палацио» кәсіпорындары және «Шәушен» ірі шаруа қожалығы сияқты құрылымдарға бейіндері негізінде беріліп үлгерді. Біз үшжақты меморандумдар жасап, нақты жұмыстарымызды екшеп, зерделеп алдық. Шефтік қамқорлыққа берілген білім мекемелеріне жұмыс берушілер жағынан техникалық, практикалық-әдіскерлік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр.
«Имсталькон» мен «Палацио» ЖШС-лары 3-курста білім алып жүрген 68 студентті оқу-өндірістік тәжірибеден өткізу сабақтарын ұйымдастыруда. 12 инженер-педагог аталған ЖШС-ларда тағылымдамадан өтіп жатыр. Мұндағы негізгі мақсат – замануи технологияны пайдалану жолдарын үйрену, тәлімгерлік жасап жүрген шеберлермен бірге жұмыстың қыр-сырын меңгеру, шаруаға епті, білімге құштар студенттерге шәкіртақы тағайындау, тұрақты негіздегі жұмыспен қамтамасыз ету,- дейді басқарма басшысының орынбасары.
Мысалы, аймақтағы ірі кәсіпорын саналатын «Қазфосфат» ЖШС Жаңатас қаласында орналасқан көп салалы колледждің студенттерімен бірге тау-кен аймағында қазба жұмыстарын жүргізуге 4 гектардай жер телімін бөлген. Болашақ кеншілерге тәлімгер болатын шеберлерді де бекітіп берген. Сол сияқты, «Шәушен» шаруашылық серіктестігі де Құлан ауылындағы агротехникалық колледжге арналған, бағасы шамамен 12 миллион теңге болатын оқу-өндірістік мал бордақылау базасының құрылыс жұмыстарын қолға алыпты.