Жамбылда тұтынушылардың құқықтары көбіне бөлшек саудада жиі бұзылатыны анықталды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Байқадам Дүйсенбаев айтты.
Спикердің айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласы бойынша түскен өтініштер талданған. Қортындысында
жоғарыда айтылған құқықтар бұзылғаны анықталып отыр. Егер электронды сауда саласындағы өтініштерді қосқанда, онда сауда саласындағы барлық өтініштер саны 69 пайызды құраған. Былтыр аймақта осы кезеңмен салыстырғанда өтініштердің жалпы саны өскен. Яғни, 18,0 пайызға артқан. Айталық, биыл 110 өтініш болса, былтыр осы уақытта 93 өтініш қаралыпты.
«Департаментпен 46 өтініш қанағаттандырылды. Бұл барлық өтініштердің 32,7%-ын құрайды. Тұтынушыларға 1 590 350 теңге қайтарылды. 23 тұтынушының сапасыз тауарлары айырбасталды. Ал, басқа мемлекеттік органдарға өз құзыреті шегінде қарау үшін 7 өтініш жолданды,» — деді Б. Дүйсенбаев.
Тұтынушылардың өтініш беру процесі де өте қарапайым. Бірінші ретте www.e-tutynushy.kz веб-сайтының басты бетінде «Өтініш беру» батырмасын басыңыз, содан кейін өтініш нысанын толтырaсыз. «Сауда ұйымдарының тізімінен» Сіз жүгінгіңіз келетін кәсіпкерлік субъектісін таңдаңыз. Екіншіден, егер Сіз дәл сол кезде сауда орнында болсаңыз, онда дүкеннің кіру есігінде немесе тауар сатылатын жерде біздің веб-сайттың атауы жазылған QR-кодты тауып, смартфоныңыздың көмегімен QR-кодын сканерлеңіз. Кодты енгізгеннен кейін, Сізден жоғарыда көрсетілген 1-тармаққа сәйкес өтініш жолдай алатын веб-сайтқа кіру ұсынылады. Айта кетейік, осы процедураны орындау үшін әрбір сауда мекемесіне QR-код түрінде бірегей идентификатор коды беріледі. Ол көрнекі жерде орналастырылады.
Заңда белгіленген күнтізбелік 10 күн ішінде жауап болмаған жағдайда, өтініш тиісті мемлекеттік органға Заңға сәйкес қарау және шаралар қабылдау үшін жолданады. Егер өтініш мемлекеттік мекемеге жіберілген жағдайда, цифрлық жүйе автоматты түрде бұл шағымды қай мекемеге жіберуі керек екенін анықтайды. Тұтынушыға адресат, өтінішті қарайтын тұлға және қарау нәтижелері белгілі болады.