Жыл басынан бері 7,4 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
«2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 7 415 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 95,3 мың этникалық қазақ оралды», — делінген хабарламада.
Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (70,2 пайыз) Өзбекстаннан, 10,4 пайызы — Қытайдан, 7,4 пайызы — Түрікменстаннан, 3,2 пайызы — Моңғолиядан және 8,8 пайызы басқа елдерден қоныс аударғаны айтылды.
Этникалық қазақтар негізінен мына өңірлерге қоныстанған:
- Алматы облысы (31,6 пайыз),
- Маңғыстау облысы (18,3 пайыз),
- Түркістан облысы (9,8 пайыз)
- Жамбыл облысы (6,3 пайыз),
- Алматы (5,7 пайыз),
- Нұр-Сұлтан (7,1 пайыз),
- Шымкент (8,1 пайыз)7.
Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны — 62 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші қоныс аударушылар саны — 24,1 пайыз және зейнеткерлер саны — 13,9 пайыз.
Ведомство мәліметінше, еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,4 пайызы жоғары білімді, 40,3 пайызы орта кәсіби білімді, 47 пайызы жалпы орта білімді және 1,6 пайызының білімі жоқ.