Воскресенье, 27 сентября

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов интернетте тараған, 1 млн теңгеден асқан кез келген мобильді аударым жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттейді деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Tarazy.kz

Вице-министрдің сөзінше, аталған ақпаратты бірқатар интернет-ресурстар таратқан, алайда ол фейк жаңалық болып шыққан.

«Кеше 1 млн теңгеден асқан аударымдар бойынша міндетті түрде ЖК тіркелу керек деген жаңалық шықты. Бұл жалған ақпарат», — деді Ержан Біржанов.

Сонымен қатар ол интернет-ресурстар мен блогерлерге жалған мәлімет таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Вице-министрдің айтуынша, бұл жаңалық қоғамда кең талқыланып, негізсіз алаңдаушылық тудырған.

«Ақпаратты жариялар алдында мұқият тексеру қажет. Біз ресми арналарымызда дұрыс мәліметті бірнеше рет жарияладық», — деді ол.

Ержан Біржанов Қаржы министрлігі мұндай фейк жарияланымдарды бақылап отырғанын, ал жиналған материалдар құқық қорғау органдарына жолданатынын айтты. Министрлік өкілдері азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Exit mobile version