Құрметті Тараз қаласының тұрғындары! Баршаңызды мұсылман қауымының қасиетті мерекесі – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын. Татулық пен түсіністікке, жақсылық пен жанашырлыққа шақыратын қасиетті мейрам құтты болсын.
Пандемия біздің елімізде де қиын жағдай тудырды. Жақынынан айырылып, туған-туысының денсаулығына алаңдағандар қаншама. Әйтсе де, бүгінде карантин талаптарын күшейтудің арқасында коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар көрсеткіші азайып келеді.
Сондықтан, қазір сақтық шараларына басымдық беру маңызды. Осы орайда, сіздердің денсаулықтарыңыз бен өмірлеріңізге қауіп төндірмеу мақсатында Құрбан айт кезінде қаладағы барлық мешіттер жабық болып, құрбан шалу qurban2020.kz сайтында өтінім беру арқылы жүзеге асырылатынын және айт намазы оқылмайтынын естеріңізге салғым келеді. Бұл сіз бен біздің амандығымыз үшін амалсыздан қабылданып отырған шаралар. Түптеп келгенде, ислам діні адам баласының өмірі мен денсаулығын әркез биік қояды емес пе.
Әр мұсылманның пейілінің тазалығы, жүрегінің жылуы айшықталатын бұл мейрамның орны бөлек. Сауабы мол Құрбан айт мейрамында мұқтаж жандарға көмектесіп, қол ұшын созған әрбіріңіздің істеріңіз берекеге толы болсын. Әрбір жанұяға амандық пен бақыт, береке мен шаттық тілеймін. Барлық ізгі амалдарыңыз бен игі ниеттеріңіз қабыл болсын. Бұл мейрам баршаңызға қуаныш, денсаулық және бақыт әкелсін.
Айтқазы Қарабалаев, Тараз қаласының әкімі