Қазақстандағы жоғары білім тарихын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихынан бөле қарау қиын. Ғасырға жуық уақыт ішінде университет еліміздің жоғары білім жүйесінің қалыптасуына, педагогика ғылымының дамуына және ұлттық кадрлар даярлауға елеулі үлес қосты, деп хабарлайды Tarazy.kz
1928 жылғы 1 қазанда Алматыда қазіргі Абай университетінің негізі қаланды. Сол кезде оқу орны «Қазақ мемлекеттік университеті» атауымен ашылып, алғашқы 124 студент жоғары білім алуға мүмкіндік алды. Осы дата кейін Қазақстандағы жоғары білім саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен сабақтасты.

1930 жылы оқу орны педагогикалық институт бағытына көшіп, мұғалімдер даярлауға басымдық берді. 1935 жылы оған қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының есімі берілді.
2024 жылы 1 қазан Қазақстанда Жоғары білім қызметкерлері күні ретінде кәсіби мерекелер қатарына енгізілді. Бұл дата 1928 жылғы 1 қазанда Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орындарының бірінің – қазіргі Абай университетінің негізі қалануымен тарихи тұрғыда сабақтас.
Педагогикалық білім беру және оқыту бағытында университет Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының қатарында. Ал стратегиялық мақсаттарының бірі – Қазақ ұлттық педагогикалық зерттеу университеті мәртебесіне көтерілу.
Университеттің 98 жылдық тарихы – Қазақстандағы педагогикалық білімнің қалыптасу тарихымен сабақтас. Алдағы кезеңде оқу орны заманауи педагогтер даярлау, педагогикалық білімге ғылыми жаңалықтар енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне пайдалану және ұлттық педагогиканы әлемдік тәжірибемен ұштастыру бағыттарына басымдық бермек.